«Өзіне жуғызу керек»: Амантай қажы жақында жөндеуден өткен көпірді бүлдірді

Әлеуметтік желі қолданушылары көпірді бүлдірген адам қоғам белсендісі ретінде танымал Амантай қажы екенін жазды.

Алматыда белгілі қоғам белсендісі Амантай қажы жөндеуден өткен көпірдің бағанасына жазу жазып, бүлдіріп кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Threads әлеуметтік желісінде Сейфуллин мен Райымбек батыр көшелерінің қиылысындағы жақында реконструкциядан өткен көпірді белгісіз қарияның бояп жатқан сәті жарияланды.

«Тапа-тал түсте еш ұялмастан, көпірді мағынасыз суретімен бүлдірді. Мұндай адамдарды әкімшілік жұмысқа тартып, жасағанын өзіне жуғызу керек», – деп жазды оқиға куәгері.

Әлеуметтік желі қолданушылары көпірді бүлдірген адам қоғам белсендісі ретінде танымал Амантай қажы екенін жазды.

Полицияның хабарлауынша, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, ескерту жасалды.

«Қала тазалығы – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Азаматтарды қоғамдық тәртіпті құрметтеуге, шаһардың көркіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз», – деді Алматы қалалық ПД.