«Синтетикалық есірткіге тәуелділер саны 5 жылда 5 есе өскен»: депутат дабыл қақты

Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, ресми деректер бойынша Қазақстанда динамикалық бақылауда тұрған есірткі қолданушылар саны 18 мыңнан асқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев биылғы Жолдауында заң мен тәртіптің – мемлекетіміздің негізі екенін атап өтті. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да наркотизммен күресті күшейту қажеттігін және есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдістің алаңдатарлық сипатын сөз еткен болатын. Бүгінгі жиын да осы Президент Жолдауы аясында ұйымдастырылды.

Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, ресми деректер бойынша Қазақстанда динамикалық бақылауда тұрған есірткі қолданушылар саны 18 мыңнан асқан.

«Бүгін біз талқылайтын мәселе – тек әлеуметтік кесел емес, бұл – ұлтқа төнген қауіп. Соңғы жылдары синтетикалық психоактивті заттарға тәуелділердің саны айтарлықтай өскен. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 147 адам болса, 2023 жылы олардың саны 731-ге жетті. Бұл – ахуалдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Соңғы бес жылда тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 143 есеге өсіп, 7,7 келіден 1,1 тоннаға жетті. Бұл тек құқық қорғау органдарының қолына түскен көлем, ал жасырын айналымдағы мөлшер әлдеқайда көп болуы мүмкін», – деді Н.Сәрсенғалиев.

Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жарқынбек Амантайұлы, Таңсауле Серіков, Наурыз Сайлаубай, Нұрлан Әуесбаев, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері: ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 4-қызметі 5-департаменті 6-басқарма бастығының орынбасары Нариман Ахмет, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі 1-ші оперативті басқармасының басшысы Рустам Сюнтиев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сарсенбаева, сарапшылар мен «Жастар рухы» өкілдері қатысты. Жиында осы мәселеге қатысты тиісті органдардың баяндамалары тыңдалды.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде атқарылған кешенді шараларды атап өтті:

«Биылғы жылдың 6 наурызынан бастап есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен өндірушілерге қатысты жазалар өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін күшейтілді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап прекурсорлар мен күшті заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Биыл жыл басынан бері 5 мыңнан астам (5 385) есірткі құқықбұзушылығы анықталды. ІІМ жүргізген операциялардың нәтижесінде 14 ұйымдасқан қылмыстық топ, соның ішінде 3 трансұлттық топ жойылды, 12 есірткі зертханасы тоқтатылды», – деді Бауыржан Әленов.

«Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы біз интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында (3 қаңтардан 2 қыркүйекке дейін) құрамында есірткі заттарын, психотроптық құралдарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттайтын 8 268 материал анықталды. 624 интернет-ресурс пен сілтемеге қолжетімділікті шектеу бойынша 50 нұсқама беріліп, 96 заңсыз материалға қатысты 37 ескерту хаты жолданды», дейді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі  Евгений Кочетов.

Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сарсенбаева есірткілер мен психотропты заттардың көбінесе жасөспірімдер мен жастар арасында қолданылатынын және оларға реабилитация кезеңінің өте маңызды екендігін атап өтті:

«Жастар үшін реабилитациядан кейінгі әлеуметтендіру жүйесін ұйымдастыру аса маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Әсіресе, 85 жасөспірім  мен жастардың денсаулығы орталықтарының жұмысы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Олар 10-29 жас аралығындағы жасөспірім мен жастардың психикалық және репродуктивтік денсаулығын сақтау мен нығайтудың негізгі рөлін атқарады. 2024 жылы осы орталықтардың мамандарына 700 мыңнан астам жас адам жүгінді. Бұл тек сан ғана емес, бұл осы орталықтардың мақсатты аудитория арасында сенім мен қажеттіліктің айқын көрсеткіші», – деді Г.Сарсенбаева.

Сонымен қатар кеңесте Қарағанды облыстық Жастарды қолдау жөніндегі кеңес төрағасы Асқар Оразбеков аймақтағы есірткімен күрестің алдын алу бойынша ұсыныстарымен бөлісті. «Жастар рухы» ЖҚ елордалық филиал төрағасы Арсланбек Мағзұм атқарылған шаралардың нәтижелерімен таныстырды. Психиатр-нарколог Нұрлан Шайдуллин мен отбасылық психолог Ержан Мырзабаев өз пікірлерін білдірді.