Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, қазақстандықтар бір уақытта бірнеше жұмыс орнында және әртүрлі жұмыс берушілерде еңбек ете алады, алайда бұл ретте мынадай талаптар сақталуы тиіс: негізгі жұмыста – 8 сағаттан, ал қосымша (қосалқы) жұмыста – 4 сағаттан аспауы керек, яғни барлығы бір тәулікте 12 сағаттан аспауы тиіс, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 56-тармақшасына сәйкес, қосымша жұмыс – бұл жұмыскердің негізгі жұмысынан тыс уақытта еңбек шарты негізінде басқа тұрақты әрі ақылы жұмысты орындауы.
Кодекстің 32-бабы 4-тармағына сәйкес, басқа жұмыс берушімен қосымша жұмысқа еңбек шартын жасасу үшін жұмыскер негізгі жұмыс орны бойынша еңбек жағдайлары мен сипаттамасын растайтын анықтама (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) ұсынуы қажет.
Кодекстің 68-бабы 3-тармағына сәйкес, негізгі жұмыс орнындағы және қосымша жұмыстағы күнделікті жұмыс уақытының ұзақтығы осы Кодекстің 71-бабы 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс уақытының ұзақтығынан 4 сағаттан артық болмауы тиіс.
Кодекстің 92-бабы 5-тармағына сәйкес, қосымша жұмыс бойынша еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмыс орны бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі.
Егер қосымша жұмыс бойынша еңбек шарты шеңберіндегі жыл сайынғы ақы төленетін демалыстың ұзақтығы негізгі жұмыс орны бойынша демалыс ұзақтығынан аз болса, онда жұмыскердің өтініші бойынша жұмыс беруші демалыстардың ұзақтығындағы айырмашылық күндеріне жалақы сақталмайтын демалыс береді.
Осылайша, жұмыскер бір уақытта бірнеше жұмыс орнында және әртүрлі жұмыс берушіде еңбек ете алады, бірақ келесі шектеу сақталуы тиіс: негізгі жұмыста – 8 сағаттан, ал қосымша жұмыста – 4 сағаттан аспауы керек, яғни барлығы бір тәулікте 12 сағаттан аспауы тиіс.
Айта кету қажет, Кодекстің 26-бабы 2-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, 18 жасқа толмаған адамдарды, сондай-ақ ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында еңбек ететін жұмыскерлерді (медициналық жұмыскерлерді қоспағанда) қосымша жұмысқа қабылдауға жол берілмейді.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, қосымша жұмыс істеуге мемлекеттік қызметшілерге тыйым салынады, өйткені олар педагогикалық, ғылыми және шығармашылық қызметтен басқа, өзге ақылы қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
Осылайша, жоғарыда аталған шектеулерге жатпайтын кез келген кәмелетке толған азамат қосымша жұмыс істей алады.