Қостанай облысында Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің баспасөз мәслихаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Баспасөз мәслихатына JORYQ ат спорты федерациясы қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ералы Тоғжанов, JORYQ ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков, Қостанай облысы Спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы және халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бас төрешісі Серік Абжанов қатысты.
JORYQ ат спорты федерациясы қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ералы Тоғжанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы ұлттық спорттың дамуына және Торғай өңірінің өркендеуіне көңіл бөліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін қабылдап жатқан Қостанай облысы әкімдігі мен өңір жұртына ризашалық білдіріп, «AMANAT» партиясының ұдайы қолдауын атап өтті.
Қостанай облысы Спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы сөз алып, жорықтың жоғары деңгейде өтуіне барлық мүмкіндік жасалып жатқанын айтты.
JORYQ ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков «Ұлы дала жорығының» талап ережелеріне тоқталып, жарысқа қатысатын барлық командаларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне шет мемлекеттерден 3 команда, елімізден 15 команда қатысады.
20 қыркүйек Жангелдин ауданы Торғай ауылынан халықаралық «Ұлы дала жорығы» басталып, Арқалық қаласының маңынан аяқталады. Жалпы қашықтық – 500 шақырым.