Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұжымдық жиналыс өткізді. Жиынның күн тәртібіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы қойылып, жан-жақты талқыланды. «Өздеріңіз білетіндей, атаулы мерейтой республика деңгейінде аталып өтпек және Құрманғазы оркестрі бұл көштен қалмай жылдың басын Абай Құнанбайұлына арнағалы жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың қазақ еліне сіңірген еңбегін кеңінен тарқата жазып, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деп атап өткен болатын», - деді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі директорының орынбасары Медет Қуанышев. Осы орайда сөз алған Құрманғазы оркестрінің дирижері Жанас Бекентұров Абайдың өлеңдері мен әндерін тек осы мерейтойда айтып қана қоймай, болашақта азық болардай ой түйсігімізге тоқып алуымыз қажет екенін атап өтті. Жиын соңында Құрманғазы оркестрінің ұжымы бірлесіп Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады.