Вашингтонда жерленген қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің қабіріне арнайы зиярат жасалып, туған жерінен топырақ жеткізіліп, Құран оқылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Жазушының ұлы Едіге Мағауин Абай облысы Шұбартау ауданындағы Босаға өңірінен әкелінген топырақ пен жусанды әкесі жатқан қабірге салды. Бұл – жазушыны ата қонысымен символдық түрде байланыстыруды көздейтін қазақы дәстүр.
Зиярат рәсіміне Вашингтондағы Kazakh American Association мүшелері қатысып, Мағауиннің рухына тағзым етті.
Еске сала кетсек, Мұхтар Мағауин – тарихи романдары мен зерттеулері арқылы ұлттық сананың жаңғыруына үлес қосқан қаламгер. Ол бүкіл ғұмырын қазақ тарихын түгендеуге арнап, артына 27 том еңбек қалдырды.