Ішімдік ішу ұйқы безі қатерлі ісігінің қаупін арттырады – зерттеу

Ұйқы безі қатерлі ісігі – ең қауіпті онкологиялық аурулардың бірі, себебі ол әдетте тым кеш анықталады.

БҰҰ жүргізген зерттеуге сәйкес, сыра мен күшті спиртті ішімдіктер ұйқы безі обырының даму қаупін арттыруы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қатерлі ісікті зерттеу орталығы жетекшілік еткен бұл зерттеуге Азия, Аустралия, Еуропа және Солтүстік Америка елдерінен 2,5 миллионға жуық адам қатысқан.

Зерттеу нәтижесінде алкогольді тұтыну мен ұйқы безі қатерлі ісігінің даму қаупі арасында әлсіз, бірақ статистикалық тұрғыда маңызды байланыс бары анықталған. Бұл байланыс адамның жынысына не темекі шегу әдетіне тәуелсіз байқалған. Бұл байланыс ерлер мен әйелдерге, сондай-ақ темекі шегетіндер мен шекпейтіндерге бірдей қатысты. 

«Алкогольдің қатерлі ісік тудыратыны бұрыннан белгілі. Бірақ бұған дейін оның нақты ұйқы безі ісігімен байланысы жеткілікті дәлелденбеген болатын», – дейді зерттеудің жетекші авторы, ДДСҰ-ның Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің тамақтану және метаболизм бөлімінің басшысы Пьетро Феррари.

Ұйқы безі – ас қорытатын ферменттер мен қандағы қант деңгейін реттейтін гормондар бөлетін маңызды ағза. Ұйқы безі қатерлі ісігі – ең қауіпті онкологиялық аурулардың бірі, себебі ол әдетте тым кеш анықталады.

Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің зерттеуіне сәйкес, әр 10 грамм алкоголь ұйқы безі обырына шалдығу қаупін 3 пайызға арттырады.

Күніне 15-30 грамм алкоголь тұтынатын әйелдерде бұл қатер ішімдікті өте аз пайдаланатындармен салыстырғанда 12%-ға жоғары. Ал күнделікті 30-60 грамм аралығында ішімдік ішетін ер адамдардың қатерлі ісікке шалдығу қаупі 15%-ға жоғары. Күніне 60 граммнан көп ішетін ерлерде бұл көрсеткіш 36%-ға дейін жетеді.

«Алкоголь көбіне темекімен бірге тұтынылады. Сондықтан оның обыр қаупін тудыруы темекі шегумен байланысты ма деген сұрақ туындайды. Алайда біздің талдауымыз көрсеткендей, алкоголь мен ұйқы безі обыры арасындағы байланыс темекі шекпейтін адамдарда да сақталады. Бұл – алкогольдің өз алдына жеке қауіпті фактор екенін білдіреді», – деп түсіндірді Феррари.

Сондай-ақ ғалым алкогольді ұзақ жылдар бойы тұтынудың адам ағзасына әсерін, соның ішінде шамадан тыс ішімдік ішу немесе жастайынан алкогольге үйір болу сияқты мінез-құлық үлгілерін тереңірек зерттеу қажеттігін атап өтті.

Ұйқы безі обыры әлем бойынша қатерлі ісіктің таралу жиілігі жағынан он екінші орында тұр. Алайда бұл дерттің салдарынан болатын өлім-жітім деңгейі өте жоғары болғандықтан, қатерлі ісіктен көз жұму жағдайларының 5 пайызы осы диагнозға тиесілі.

2022 жылы Еуропа, Солтүстік Америка, Аустралия, Жаңа Зеландия және Шығыс Азия елдерінде ұйқы безі обырына шалдығу және одан қайтыс болу көрсеткіші басқа өңірлермен салыстырғанда бес есе жоғары болған.