Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали елге оралды

Астана әуежайында грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиді қарсы алды.

22 қыркүйектен 23 қыркүйекке ауған түні Астана халықаралық әуежайында Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали мен Ұлттық құрама спортшылары, бапкерлері туған елге оралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Спортшыларды қарсы алушылардың қатарында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, спорт жанкүйерлері, әскери оркестр болды.

Айта кетейік, 60 келіде бақ сынаған Айдос Сұлтанғали финалдық бәсекеде Өзбекстан балуаны Әлішер Ганиевті бір минутта таза жеңген еді.

Ол бұған дейін 2018 және 2022 жылдары қола жүлдені еншілеген болатын.

Ал грек-рим күресінен отандық спорттың тарихына үңілсек, Юрий Мельниченко (2 рет), Мхитар Манукян (2 рет), Бақтияр Байсейітов (1 рет) ғана жеңістің ең биік сатысына шыға алған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.