Оның айтуынша, алдағы уақытта қалаға көшуді ойына да алмайды.
– Ауылдық жерлерде жеткіншектердің білім мен жас маманға деген қажеттілігі өткір. Өзім – ауылдық мектептің түлегімін. Сондықтан шалғайда орналасқан ауыл-аймақтардағы балаларды барынша білім нәрімен сусындатып, заман талабынан қалыс қалдырмауымыз тиіс. Мысалы, қазір білім ордаларында менталды арифметикаға басымдық беріп жатыр. Білім бөлімі көмегінің арқасында жылдам оқыту бойынша қосымшаны жүргізіп жатырмын. Қалада бұл нәрсе дамып кетсе де, ауылдық мектептерге жетпеген. Оның үстіне жас маманның жетіспейтіні тағы бар.
Бұрын сынып жетекшім баланың негізі бастауыш сыныпта дұрыс қаланса, оның биіктен көрінуі хақ. Өйткені депутат та, әкім де, ғалым да, кәсіпкер де сол балалардан шығады дейтін. Бала кезде мен де ертең бастауыш сынып мұғалімі боламын, кіл мықтылар менен шығады, мынау менің оқушым деп мақтанамын дейтінмін, – дейді Баян Хамитова.
Әр жұмыстың өз қиындығы бар дегендей, ұстаздық ету де оңай емес. «Университетте оқып жүргеннен-ақ он күндік, бір айлық, үш айлық тәжірибеге жіберетін. Сол себепті ұстаздық етуге студенттік кезімізден араластық. Мұғалімдер ақыл-кеңесін айтып, үстімізден бақылайтын. Алғашында бәрі қиын әрі түсініксіз көрінетін. Бәрі уақыт еншісінде екен, артынан үйреніп алдық. Ең қиыны – баламен тіл табысу. Жұмысқа қызығушылығыңыз болса, оған сүйіспеншілікпен қарасаңыз жеткілікті», – дейді ол.
Баян Хамитованың айтуынша, «Серпін» бағдарламасы жайында ауыл-ауданда жүріп жатқан насихаттау жұмысынан естіген. Міне, солар қай өңірді таңдау керегін көрсеткен. Оның үстіне ауылындағы олардан бір жас үлкен жігіт осы бағдарламамен Петропавлға оқуға түскен екен. Баян бағын сынап көрмек болған.
– Туған өңірімізде оқуға түссек, ата-анамызды ортасында, ағайын-туғанның қасында болар едік. Ал «Серпін» бағдарламасы бізге өмірді басқа қырынан қарауға, өзімізді сынауға, жан дүниемізді тануға, жан-жақты қырыңды ашуға мүмкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда, «Серпін» жаңа ортаға жол ашты. Оған үйрену, сіңісу, бейімделу оңай болды. Себебі бізге қала түгілі, аймақтың өзі жат еді. Сол кезде мені таңғалдырған екі нәрсе: тойға адамды аз шақыруы. Біздегідей 300-400 қонақ емес, әрі кеткенде 70-80-ге жуық қана адам болады. Екіншіден, еттің көптігі. Алдыға қойылған табақтан қамыр таппай қалатынбыз, – деді Баян Оңғарбайқызы.
Оның тобына «Серпін» бағдарламасымен 10 қыз түскен. Оның тек біреуі солтүстіктікі болса, қалғаны – оңтүстікі. Солардың бесеуі солтүстікте қалған. «Шамамен 5 қыз осы жақта қалды. Әлі күнге дейін байланыс үзілмеді, мұғалімдер мерекесінде кездесіп, сөйлесіп тұрамыз. Арасында сабақ берген ұстаздарымызға хабарласып, пікірлесіп, ақыл-кеңесін алып тұрамыз» деген Оқу ісінің меңгерушісі жат жақта оларды ешкім бөліп, алаламаған.
– Ең басында «оқуға түстіңдер, осы жердің студенті атандыңыздар, құжаттарыңызды өткізіңіздер» дегенде қиналатын шығармыз деп ойладық. Алайда І курстың бірінші семестрінен кейін ойымыз түбегейлі өзгерді. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші екі жақтың салт-дәстүрі әртүрлі. Соған қарамастан бізге жылышырай танытып, жақсы қарсы алды. Өзімізге сабақ беріп жүрген мұғалімдеріміз «өз орталарыңыздан, ағайын-туғандарыңыздан ажырап келдіңіздер, өздеріңді жат сезінбеңдер» деп көмегін аяған емес. Сол үздіксіз қолдаудың арқасында қала бізге қатты ұнады. Оған қоса, оңтүстікте жұмыс орны тапшы болған соң осы жақта жұмыс істеп қалуымыз керек деп шештік, – дейді Баян Хамитова.
Айтуынша, олар оқу бітірген соң бағдарламаның шарты бойынша сол жақта, яғни Солтүстік Қазақстан облысында үш жыл жұмыс істеп, өтеуі тиіс. «Мансап» орталығы қай жерде, қандай жұмыс бары жайында ақпараттарды жіберіп отырған. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев атындағы мектепке жұмысқа кірген.
– «Көші-қон» бағдарламасымен солтүстік өңірге көшіп, ауылға тұрақтанса, бір жыл көлемінде ай сайынғы төлем беріледі. Сөйтіп көрші ауылдың біріне қоныс аударғанмын. Кейін тұрмысқа шығып, сол ауылға келін болдым. Балжан және Балғаным есімді егіз қызым бар. Олардың жасы – 3-те, – деді ол.
Баян Оңғарбайқызы – Жамбыл облысы Қордай ауданы Беркітас ауылының тумасы. «Әкеміз 2010 жылы дүниеден өткен. Оның мамандығы мұғалім, бірақ әскери қызметте болған. Анамыз үй шаруасындағы адам. Біз төрт ағайындымыз, мен – үйдің тұңғышымын. Қызығы, төртеуіміз де «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып шықтық. Кенжеміз осы жақта І курста оқиды», – дейді Баян Хамитова.