Француз композиторы «Абай арманын» шырқады

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 65-мерейтойлық маусымын француз композиторы Пьер Тиллуаның LE SONGE D'ABAÏ, яғни «Абай арманы» шығармасымен ашты.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы директорының міндетін атқарушы Альтаир Қожахметов бұл маусым – ұйымның тарихындағы жарқын кезең ғана емес, мәдениетіміздің дамуы мен халыққа құндылықтарды жеткізудегі жаңа серпін екенін жеткізді.

– Мерейтойлық маусым аясында көрерменге еліміздегі өнер шеберлерінің жобалары: ұлттық, классикалық және заманауи үздік үлгілері халыққа жол тартпақ. Соның ішінде айрықша мәдени шара – француз композиторы Пьер Тиллуаның «Абай арманы» шығармасының Қазақстандағы тұсаукесері. Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай арманы» шығармасы Қазақстанда, оның ішінде «Қазақконцерт» сахнасында алғаш шығуы – біз үшін мақтаныш. «Абай арманы» философиялық мәнге ие болған үндестік, терең ойлы диалог. Мұнда ұлттық құндылықтар мен бүкіл адамзатқа ортақ идеялар ұштасып, ұлы ақынның ой еркіндігі, рухани ізденісі мен үйлесімге ұмтылған дүниетанымы музыка арқылы жеткізілді, – дейді Альтаир Нариманұлы.

Шығарманы FORTE TRIO мемлекеттік триосы мен Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі орындады. Классикалық музыканың сүйемелдеуі Аустриядан арнайы шақырылған маэстро Мария Бенюмованың дирижерлігімен өтті.

– Композитормен тікелей жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Әр шығарманы орындаған сайын түрленіп, тереңдей түсесіз. Сондықтан шығарманың түпкі ойын, идеясын көрерменге жеткізе білдім деп ойлаймын, – деді Мария Бенюмова. 

FORTE TRIO мемлекеттік триосының негізін салушы және көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тимур Урманчеевтың айтуынша, «Абай арманы» шығармасының әлемдегі тұсаукесері осыдан бірнеше жыл бұрын Гольфорд қаласында өткен. Ал шығарманы француз композиторы Пьер Тиллуа Абай шығармашылығына арнайы жазған.

– Қазақ жері ойшылдарға, тума дарындарға өте бай. Әсіресе, киелі жеріміздің әлемге әл-Фараби мен Абай есімдерін сыйлады дей аламыз. Ұлы ойшыл, философ, ақынның мерейтойын тойламау мүмкін емес. Хакім Абай заманының әділетті, халқының көкірегі ояу, көзі ашық болғанын армандады. Біз сол арманды шығармада орындауға тырыстық. Сол үшін француз композиторы арнайы Астанаға келіп, еліміздің мәдениеті мен тарихын танысты.

Сондай-ақ бағдарламада Габриэль Форе «Маски мен Бергамаски» сюитасынан Увертюра мен Гавот, оп. 112, Феликс Мендельсон №4 симфония, ля мажор, оп.90, Арман Жайым «Кероғлы», Илья Башкатовтың өңдеуіндегі «Ән шашу» шығармалары орындады.