Сыр халқы Хорватия астанасы Загреб қаласында грек-рим күресінен өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынған оғлан ұлы Айдос Сұлтанғалиді әуежайдан жоғары салтанатпен күтіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қызылорда қаласының «Қорқыт ата» атындағы халықаралық әуежайында батыр ұлын көруге асыққан жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Жергілікті жұртшылық балуанды тарихи жеңісімен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдіріп жатты.
«Бүгін баршамыз ерекше тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Жерлесіміз Айдос Сұлтанғали әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, қазақ спорты тарихында алтын әріппен жазылатын үлкен жеңіс сыйлады. Батыр ұлымыз Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта грек-рим күресінен әлем чемпионатының финалында белдескен санаулы қазақ балуаны, әрі осы ғасырда алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырынан көрінген алғашқы спортшымыз атанды. Осы орайда жерлесіміздің жарқын жеңісіне себепші болған бапкерлеріне, ата-анасына және спортшыларға шексіз алғысымды білдіремін. Қазақ елінің, Сыр өңірінің атын шығаратын чемпиондарымыз көп болсын», - деді салтанатты шарада Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы.
Іс-шара барысында Сыр елінің сайыпқыраны Айдос Сұлтанғали барша жерлестеріне шексіз ризашылығын жеткізді.
«Қазақ спортында 26 жылдан кейін тарихи алтынды сыйлағаныма өте қуаныштымын! Бұл жеңіс – менің ғана емес, күллі қазақтың жеңісі деп білемін. Қаншама жылдан бері мені қолдап, демеп жүрген барша жанкүйерлерге, отбасым мен бапкерлеріме алғысым шексіз. Алдағы уақытта да еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, туған жерімнің мерейін асыра беруге бар күшімді саламын», – деді әлем чемпионы.
Салтанатты жиында Айдос Сұлтанғалидің жеке бапкері Ғабиден Райымбекұлы зор ілтипат танытқан Сыр жұртшылығына өз алғысын білдірді. Жанкүйерлер Айдос Сұлтанғалиге ақ тілегін жеткізіп, естелік суретке түсті.
Осы орайда айта кеткен абзал, Айдос байрақты бәсекеде іріктеу кезеңнен сүрінбей өтіп, ширек финалда 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері солтүстік кореялық Се Ун Римен белдескен болатын. Тең дәрежеде өткен бұл кездесуде Сыр ұлы жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Ал ақтық сында өзбекстандық балуан Алишер Ганиевпен күш сынасып, сырбойылық спортшы 9:0 есебімен жеңісті жұлып алды.
Осылайша бозкілем бәсекесінде 60 кг салмақ дәрежесінде белдескен қызылордалық балуан тарихи жеңістің иегері атанып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы