Қазақстандағы алғашқы АЭС атауына конкурс өтіп жатыр

Конкурсқа әрбір қазақстандық eGov Mobile арқылы қатыса алады.

25 қыркүйек күні сағат 12:00-де Қазақстанда алғашқы атом электр стансасына үздік атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурс басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Конкурсқа әрбір қазақстандық eGov Mobile арқылы қатыса алады.

Сауалнама eGov Mobile мобильді қосымшасында жүргізіледі. Басты парақшада «АЭС-ке атау ұсыныңыз» баннері орналастырылған, ал пайдаланушыларға конкурстың басталғаны туралы push-хабарлама жіберіледі.

Бастаманың мақсаты – болашақ стансаға тарихи, мәдени және ұлттық маңызын айқын көрсететін атау таңдау.

Қатысу үшін:

  • тілді таңдау (қазақ немесе орыс);
  • өз нұсқасын ұсыну;
  • атаудың мағынасын қысқаша сипаттау (міндетті емес);
  • конкурстың ресми қағидаларымен танысқанын растау.

Ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан күнгі сағат 23:59-ға дейін жалғасады.

Конкурс қағидаларымен Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында танысуға болады.

Ұйымдастырушылар барлық азаматтарды еліміздің энергетика саласының тарихына үлес қосып, Қазақстанның алғашқы АЭС-на атау ұсынуға шақырады.