«Қабырғасын сындырып, бүйрегін жыртып жіберген»: Қостанайда медицина қызметкері қарияны аямай ұрған

Орталықтың қызметкері 61 жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққан.

Қостанайдағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында жағымсыз жағдай болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Орталықтың қызметкері 61 жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққан.

Жәбірленушінің қызы бұл жантүршігерлік сәттің видеосын әлеуметтік желіде жариялады. Кадрларда медицина қызметкерінің қарт кісіні қатыгездікпен ұрып жатқанын анық көруге болады.

Қызының айтуынша, жанжалға әкесінің ғимарат ішінде шылым шегуі себеп болған.

– «Әкемді темекі тартқаны үшін медициналық қызметкер соққыға жығып, ауыр жарақат салды. Соның салдарынан оң жақ бүйрегі жыртылып, оны алып тастауға тура келді. Оған қоса 11-ші және 12-ші қабырғасы сынған. Қазір жағдайы өте ауыр», – дейді Қостанай тұрғыны.

Қостанайдағы Полиция департаментінің дерегінше, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша биыл шілде айында полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Алдағы уақытта қылмыстық іс материалдары сотқа процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданатын болады.