«Жүйке жүйесін тыныштандырады»: жүзімнің денсаулыққа пайдасы көп

Жаңа піскен жүзімнің құрамында су, табиғи қанттар, талшықтар мен көптеген дәрумендер бар.

Жүзім – адамзат тарихындағы ең ежелгі әрі пайдалы жемістердің бірі. Ол тек дәмді әрі жеңіл тағам ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа пайдалы қасиеттерге бай табиғи өнім саналады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа піскен жүзімнің құрамында су, табиғи қанттар, талшықтар мен көптеген дәрумендер бар. Бұл оны адам ағзасын қалпына келтіріп, жалпы иммунитетті нығайтатын таптырмас тағам етеді.

Құрамындағы құнды заттар

Жүзімнің құрамында адам денсаулығына аса қажетті бірқатар дәрумендер мен минералдар бар:

- Антоциандар мен ресвератрол – жүрек пен қан тамырларын қорғап, қартаю процесін баяулатады.

- Калий мен К дәрумені – қан айналымын жақсартып, сүйек пен қан ұю жүйесін нығайтады.

- С және В тобы дәрумендері – иммунитетті күшейтіп, жүйке жүйесінің жұмысын қолдайды.

- Мыс пен марганец – зат алмасуды жақсартады және жасушалардың жаңаруына әсер етеді.

Жүзімнің дәні де адам ағзасына пайдалы. Ондағы полифенолдар күшті антиоксидант қызметін атқарып, еркін радикалдардан қорғайды. Ал жүзім жапырақтары тағамға қосымша ретінде пайдаланылып, ағзаға дәрумендер мен минералдар береді.

Кімдерге пайдалы?

Жүзім – кез келген жастағы адам үшін пайдалы өнім.

- Балаларға: бір жастан асқан соң пюре немесе ұсақталған күйде беруге болады. Ал тұтас жүзімді беру қауіпті, тұншығып қалу қаупі жоғары.

- Ересектерге: ақыл-ой немесе дене еңбегімен айналысатын адамдар үшін күш-қуат көзі.

- Тері мен тамырлар үшін: құрамындағы су мен С дәрумені теріні ылғалдандырып, қан айналымын жақсартады.

- Стреске қарсы: магний мен антиоксиданттар жүйке жүйесін тыныштандырады.

- Жүрек пен қан тамырлары үшін: қара жүзімдегі полифенолдар жүрек-қан тамыр жүйесінің қызметін жақсартады.

- Сүйек пен тіс үшін: К және С дәрумендері сүйек тінін нығайтады.

Қанша мөлшерде тұтыну керек?

Дәрігерлердің айтуынша, ересек адам үшін ең қолайлы мөлшер – күніне 150–200 грамм жаңа жүзім. Оны тамақ арасында жеңіл тағам ретінде немесе ақуызға бай тағамдармен бірге жеу пайдалы. Бұл қандағы қанттың баяу сіңуіне көмектеседі.

Кептірілген жүзім (мейіз) калориясы жоғары болғандықтан, күніне 30-40 грамнан артық тұтынбаған жөн. Жүзім шырынын да шамамен тұтыну керек, себебі талшық аз, ал қант мөлшері көп.

Қашан абай болу керек?

Жүзімнің пайдасы мол болғанымен, кейбір жағдайларда оны шектеу қажет:

- Қант диабеті немесе инсулинге төзбеушілік кезінде мөлшерін азайтып, ақуыз және талшықпен бірге қабылдаған жөн.

- Асқорыту жүйесі сезімтал болса, аз мөлшерден бастап ағзаның реакциясын бақылау керек.

- Бүйрек аурулары немесе қанда калий мөлшері жоғары адамдар дәрігермен кеңесуі тиіс.

- Мигреньге бейім адамдарда жүзім кейде ұстаманы қоздыруы мүмкін.

- Аллергия сирек болса да кездеседі. Сондықтан жемісті мұқият жуып, сульфиттерсіз түрін таңдаған дұрыс.