Антифрод орталығы ЖИ арқылы алаяқтық схемаларды анықтайды

Орталық келешекте транзакциялық антифрод жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр.

Мәжілісте өткен жасанды интеллект, цифрлық технология және инновация салаларындағы жобалар көрмесінде Антифрод-орталықтың жұмысына жасанды интеллектіні енгізу жобасын таныстырды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ұлттық банк Антифрод-орталықты 2024 жылы шілде айында қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасында алаяқтық төлемдерге қатысты ақпаратты жедел алмасу үшін іске қосқан. 

Антифрод-орталықтың басшысы Айнұр Измайлованың айтуынша, жаңа технология банк қосымшаларындағы күмәнді әрекеттерді анықтап, банкаралық деңгейінде күдікті аударымдарды бұғаттауға мүмкіндік береді

- Платформа барлық банктердің өзара ақпарат алмасуына мүмкіндік береді және онда құқық қорғау органдары да жұмыс істейді. Қазіргі күнге дейін осы жүйе арқылы біз 3 миллиард теңге қаржыны сақтап қалдық. Енді жасанды интеллект арқылы аналитиканы жақсарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, қандай схемалар жиі кездесетіні, көбіне қай жастағы адамдар алаяқтардың құрбаны болатыны сияқты мәліметтерді жинақтаймыз. Алынған деректер банктерге және құқық қорғау органдарына беріледі. Соның арқасында олар алаяқтық схемалар туралы ақпарат алады, - деп атап өтті орталық басшысы.

Сондай-ақ орталық келешекте транзакциялық антифрод жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр.

- Бұл жүйе ML модельді қолдана отырып, қалыптан тыс транзакцияларды тоқтатуға көмектеседі. Соның арқасында көптеген азаматтың ақшасын сақтап қалу мүмкіндігіне ие боламыз, - деп нақтылады Айнұр Измайлова.