Отырыс барысында палата депутаттары «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарады. Хаттаманы ратификациялау электрондық сауданы реттеу үшін құқықтық база құруға, электрондық сауда тауарларын кедендік әкімшілендіруді жақсартуға, техникалық регламенттердің сақталуына және әкелінетін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылауды күшейтуге жол ашады. Сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтарды жинау есебінен бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Қаралған хаттама шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынған тауарлардың кедендік шекарадан өту тәртібін айқындауды көздейді. Соған сәйкес, «электрондық сауда операторы» ұғымы және кедендік декларацияның жаңа түрі – электрондық сауда декларациясы енгізіліп отыр. Құжатта кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге арналған өзге де нормалар бар. Алдағы уақытта заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында электрондық сауда саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолады.
Бекбол Орынбасаров Электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға қатысты қазіргі жағдайға байланысты жұртшылықтың алаңдаушылығына назар аударып, осы мәселе бойынша бірқатар ұсыныс айтты.
Әли Бектаев аграрлық ғылым саласындағы олқылықтарға тоқталып, аталған бағытты жетілдіруге қатысты өз пікірін білдірді. Осыған орай депутат Үкіметке Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртуға нақты қолдау көрсетуді ұсынды.
Андрей Лукин өз сауалында бюджеттік және квази-бюджеттік ресурстардың тиімсіз жұмсалғанын айтты. Сенатор Денсаулық сақтау министрлігінің ардагерлерге арналған Орталық клиникалық госпиталінің өз ғимараты жоқ екеніне және басқа біреудің ғимаратын ақылы негізде жалға алуға мәжбүр болғанына наразы болды. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне, ең алдымен, әлеуметтік осал санаттар үшін кері әсер ететіні анық.
Сүйіндік Алдашев Үкіметтің Шымкент мұнай өңдеу зауытында өнім шығаруды ұлғайту арқылы Маңғыстау облысында жанармай тапшылығын жоюға арналған жоспарына қатысты мәселелерге алаңдаушылық білдірді.
Қайрат Тастекеев еліміздегі жабайы жыртқыш жануарлардың санын бақылау мен реттеуді күшейту қажет екенін айтып, нақты шаралар ұсынды. Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығына зиян келтіретін және елді мекендерге жиі кіретін аю, қасқыр, жабайы қабан, шибөрі сияқты аңдар популяциясының көбеюі халықты алаңдатып отырғанын тілге тиек етті.
Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысына қатысты және өңірдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін жүйелі проблемалар туралы айтты. Сенатор Үкіметті облыс жыл сайын республикалық бюджеттен қажетті қаржыландыруды алмайтынына назар аударуға және тиісті шаралар қабылдауға шақырды.
Талғат Жүнісов елдегі жұқа жүнді қой шаруашылығының жай-күйіне тоқталып, бұл салада қиындықтар артып келе жатқанын атап өтті. Депутат жасаған ұсыныстардың қатарында Қазақ қой шаруашылығы филиалына қажетті стратегиялар әзірлеу және іргелі зерттеулер жүргізу жөніндегі үйлестіруші орталыққа айналатын ғылыми-зерттеу институты мәртебесін қайтару туралы бастама да бар.
Руслан Рүстемов Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді деп есептейді. Бұл топырақтың тозуы мен тұздануын төмендету және суармалы егіншілікті дамыту бойынша сапалы зерттеулер жүргізуге кедергі келтіреді. Осыған байланысты сенатор институтты дамытуға арналған бастамалар кешенін жариялады.
Ғалиасқар Сарыбаев Ассы-Түрген обсерваториясының ахуалына назар аударып, елдегі астрофизика саласындағы қолданбалы және іргелі зерттеулердің дамуын тежейтін мәселелерді атап өтті. Сенатордың пікірінше, бұл ретте, ең алдымен, инфрақұрылым, интернетке қолжетімділік, электр энергиясымен қамтамасыз ету бағыттарындағы проблемаларды шешу және зерттеуге қажетті қымбат жабдықтарды бажсыз әкелуді қарастыру керек.
Ернұр Әйткенов тапсырыстардың жетіспеуіне байланысты Екібастұз қаласындағы «Қазақстандық вагон құрастыру компаниясы» ЖШС-ның тоқтап қалуына қатысты түйткілге Премьер-Министрдің назарын аударды. Осыған орай депутат ұлттық операторлардың есебінен оларды өндірістік тапсырыстармен қамтамасыз етумен бірге вагон жасау кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуді және іске асыруды ұсынды.
Бекболат Орынбеков Жамбыл облысы Тараз және Шу қалаларындағы инженерлік желілердің жоғары тозу проблемасына тоқталып, өңірдегі инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар нақты бастаманы атап өтті.
Бибигүл Жексенбай адам көп жиналатын жерлерде, әсіресе ойын-сауық мекемелерінің аумағында қоғамдық қауіпсіздіктің сақтала бермейтінін айтып, сауал жолдады.