Күзгі маусымнан күтеріміз көп

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі телевизиялық маусымдағы жобаларының таныстырылымын өткізді. Корпорацияға қарасты Qazaqstan, Balapan, Abai TV телеарналарынан 17 жаңа бағдарлама, 190 бөлімнен тұратын 7 телехикая, 10 анимациялық мультихикая мен 10 деректі фильм ұсынылады.

«Биылғы жобаларымыз «Адал азамат», заң мен тәртіп қағидаттарын тереңірек түсіндіруге, азаматтардың қаржылық және құқықтық біліктілігін арттыруға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеруге бағытталады. Кез келген ақпаратты таратудағы біздің басты ұстанымымыз  – оқиғаны жеткізіп қана қоймай, адами құндылықтарға маңыз беріп, қоғамды ортақ әлеуметтік жауапкершілікке шақыру», – деді «Қазақстан» телерадио­корпорациясының басқарма төрағасы Ернұр Бурахан.

Жаңа маусымда Qazaqstan арнасынан күн сайын тікелей эфирде «Қазір айтайық!» қоғамдық-әлеуметтік ток-шоуы шығады. Бағдарлама отбасылық және әлеуметтік мәселелерді көтеріп, әртүрлі буын өкілдерінен құралған тұрақты сарапшылар кеңесі арқылы тікелей эфирде мәселенің жан-жақты шешімін ұсынады. Қыркүйек айынан бастап жоба аясында инклюзивті білім беру, лудомания, пластикалық отаның зардаптары, емге қаржы жинау мәселесі, заңсыз лотерея сынды тақырыптар көтерілді. 

Сонымен қатар арна эфирі «Заң алдында» (сот істері арқылы құқық нормаларын түсіндіреді), «Ақша әліппесі» (қаржылық сауат жайлы), «Тапқыр отбасы» (интеллектуалдық отбасылық сайыс) және «Таза Қазақстан» (эко­логиялық мәдениетті насихаттайды) сияқты жобалармен толықты. 

Жаңа маусым мегажобасы – «Ұнайды маған» кавер-шоуы. Бұған дейін Испания мен Грузияда жоғары рейтингке ие болған талант-шоудың кастингіне 1000-ға жуық үміткер қатысып, ең үздік 100 қатысушы эфирге жолдама алды. 4 қазанда эфирге жол тартатын музыкалық жобада көрермен әсерлі музыкалық перфоманстар мен «Ең үздік кавер-орындаушы» атағы үшін тартысты бәсекені тамашалайды. Сондай-ақ ойын-сауықтық бағытта өнер адамдарының шығармашылығына арналған «Бәрекелді!», «Жұлдызды жүздесу» отбасылық сұхбаттар циклы көрсетіледі.

Жаңа телехикаялар керуені биылғы маусымда да жалғасады. Биыл Корпорация 190 бөлімнен тұратын 7 телехикая ұсынады. Олардың қатарында халық композиторы Естай Беркімбайұлының «Құсни-Қорлан» әнінің шығу тарихын баяндайтын «Естай мен Қорлан» тарихи драмасы, құқық саласында қызмет атқаратын арулар туралы «Офицер қыздар», жұмысшы мамандықтар жылына орай әзірленген «Бір шаңырақ астында» ситкомы, түркиялық Kanal D арнасымен бірлескен 100 бөлімдік «Қыздың жолы» телехикаясы бар. Сондай-ақ көрермен сұрауымен «Ақжауын» телехикаясының үшінші маусымы экранға қайта оралды. 

Одан бөлек, тарихи, мәдени және әлеуметтік тақырыптарды қамтитын 10 деректі фильм ұсынылады. Олардың қатарында Қазығұрттан Алтай мен Маңғыстауға дейінгі өңірлерді ара­лап, ұзақ  жасаудың формуласына үңі­летін 100 «Ұзақ өмір сүру құпиясы», ұлттық тағам түрлерін ғылыми тұрғыдан саралайтын «Қазақтың рационы», Еңбек адамдарын дәріптеу аясында түсірілген түнгі еңбектің беймәлім қырын ашатын «Түнгі Республика», обырды еңсерген жандар туралы «Үкім емес» деректі фильмдері бар. Ал Balapan арнасы биыл 145 бөлімнен тұратын 10 жаңа анимациялық жоба көрсетеді. Олардың ішінде балаларды табиғатты қорғауға баулитын «Томирис және сиқырлы әлем», достық пен татулықты дәріп­тейтін «Жалын мен Мөлдір», денсаулық пен ағза мүшелерінің қызметін түсін­діретін «Жедел достық», әйгілі Сұлтан Бейбарыс жайлы «Сұлтан Бейбарыс. Мысыр құпиялары» және басқа да мультхикаялар бар. Abai TV арнасы жаңа мау­сымда «Күй», «Музей», «Портреты», «Пайым» және «Ғылым тілінде» атты жаңа бағдарламалары арқылы ұлттық мәдениет пен ғылымды насихаттауды жалғастырса, Qazsport телеарнасы футболдан УЕФА Чемпиондар, Еуропа және Конференция лигаларын, «Барыс» клубының Құрлықтық хоккей лигасындағы ойындарын, дзюдодан Grand Slam және Grand Prix турнирлері мен басқа да халықаралық жарыстардан тікелей трансляция жасайды.

«Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының тыңдармандарына зор­лық-зомбылық, ысырапшылдық, наша­қорлық, құмар ойындарға тәуелділік сынды бес кеселдің алдын алуға бағыт­талған «Қауіпсіз қоғам», жер жаһандағы түрлі сәулет нысандары жайлы «Ғалам ғажайыптары», түрлі ұлттың өзіне тән салт-дәстүрлері туралы «Әр елдің салты басқа», жас­тар мәселесі мен қарапайым еңбек адамдарына арналған «Адал азамат» бағдарламалары ұсынылады. Соны­мен қатар корпорацияның 14 об­лыс­тағы аймақтық телеарналарынан 83 жаңа жоба эфирге шығады. Атап айтсақ, Atyrau арнасы жастарға арналған «5К: Көрінбейтін күрес» short-сериалын, Semei экология тақы­рыбындағы «Тазалайық» жобасын, Qostanai арнасы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын «Жол үстін­де» сұхбаттар циклын, Kokshe ауыл өмірін бейнелейтін «Талбесік» хабарын ұсынады. Jambyl арнасы жасанды интеллект көмегімен халық ертегілерін анимациялық фильмге айналдырса, тарихи тақырыпқа ден қойған Qyzylorda арнасы «Алаш қайраткерлері. Қызылорда кезеңінде» деректі фильмдер циклін әзірлеуде.

Көктем ҚАРҚЫН