Кәмелетке толмаған қызды ұрлап, екі рет әртүрлі ер адамға тұрмысқа берген: қылмыстық іс қозғалды

Жәбірленушінің айтуынша, шамамен бес ай бұрын оны белгісіз ерлі-зайыптылар ұрлап, ауыл тұрғынына сатқан.

Үндістанда ерлі-зайыпты жұп кәмелетке толмаған қызды ұрлап, оны екі рет әртүрлі ер адамға "тұрмысқа" бергені үшін ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты The Times of India басылымына сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, шамамен бес ай бұрын оны белгісіз ерлі-зайыптылар ұрлап, ауыл тұрғынына сатқан. Ер адам қызды екі күн бойы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген, кейін белгісіз себеппен босатқан. Қыз үйіне өз бетінше оралған.

Бірақ арада он күн өткен соң, сол ерлі-зайыптылар оны қайта ұстап алып, басқа ер адамға сатқан. Екінші ер адам жасөспірімді он күн бойы жыныстық қатынасқа тартқан. Қызға қарсылық көрсеткен жағдайда ауыр зардаптарға ұшырайтынын айтып қорқытқан.

Қылмыскерлер жасөспірімді үшінші рет сатуға әрекеттенгенде полиция іске араласып, олардың жолын кесті. Қыздың туыстары оқиға жайында анасына хабар берген, ол өз кезегінде құқық қорғау органдарына жүгінген.

Қазіргі уақытта кәмелетке толмағанды ұрлау, сексуалдық құлдыққа сату және зорлау баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бес күдікті: сатушылар мен сатып алушылар қамауға алынды.