«Әзірге оны құпия ұстаймыз»: «Қайраттың» бас бапкері «Реал Мадридтің» әлсіз тұсын тапқан

Рафаэль Уразбахтин бұл кездесу тек клуб үшін ғана емес, бүкіл қазақстандық футбол үшін тарихи сәт екенін атап өтті.

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасы аясында өтетін мадридтік «Реалға» қарсы ойын  алдында журналистерге ой-пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, алматылықтар қарсыласқа өз ойынын таңуға тырысып, олардың әлсіз тұстарын пайдаланбақ.

Рафаэль Уразбахтин бұл кездесу тек клуб үшін ғана емес, бүкіл қазақстандық футбол үшін тарихи сәт екенін атап өтті.

«Бұл ойын – біз үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де ерекше. Клубымыз үшін, жаттықтырушылар мен футболшылар үшін маңызды матч. Мұндай деңгейдегі кездесу қарапайым жарыстың ауқымынан әлдеқайда жоғары. “Реал Мадрид” секілді даңқты клубтың Қазақстанға ат басын бұрғанына қуаныштымыз», – деді ол.

Ойын қарсаңында «Реал» Испания чемпионатында «Атлетикодан» 2:5 есебімен жеңілген болатын. Уразбахтин қарсыластың соңғы ойындарын мұқият саралағанын айтты.

«Соңғы беске жуық матчтарын қарадық. Әрине, жеңіліссіз футбол болмайды, бірақ “Реал” – тұрақтылығымен ерекшеленетін команда. Әдетте олардың әлсіз тұстары көп емес, дегенмен біз өзіміз үшін біраз нәрсені байқадық. Әзірге оны құпия ұстаймыз. Оңай болмайтынын жақсы білеміз, бірақ көргенімізді іске асырып көреміз. Біз ойынға алдын ала берілген күйде шықпаймыз, керісінше өз ойынымызды көрсетеміз», – деді бапкер.

Сонымен қатар ол ойыншылардың ең басты қаруы – дұрыс психологиялық дайындық болатынын атап өтті:

«Қорқудың қажеті жоқ. Біз батыл болып, үлкен жүрекпен алаңға шығуымыз керек».

Уразбахтин мадридтік клубтың бас бапкері Хаби Алонсоның жұмысын да жоғары бағалады. Ол испандық маманның шабуылға бейім ойын стилін және допты бақылауға ұмтылысын ерекше атап өтті.

«Әрине, өзгерістер байқалады, бірақ әлі де уақыт керек. Біздің шабуылымызға келсек, қалай және кім арқылы әрекет ететініміз жайлы жоспар бар. Кемшіліктерін байқадық, соны пайдалануға тырысамыз», – деді ол.

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші тур аясындағы «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы кездесу 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Басталуы – сағат  21:45-те.