Қазақстан мен Өзбекстан СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

Өзбекстан СІМ басшысы әріптесін жоғары лауазымға тағайындалуымен шын жүректен құттықтап, жауапты қызметінде табыс тіледі.

Өзбек тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Өзбекстан СІМ басшысы әріптесін жоғары лауазымға тағайындалуымен шын жүректен құттықтап, жауапты қызметінде табыс тіледі.

Дипломаттар көпқырлы қазақ-өзбек ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршілік рухында стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға өзара дайындығы расталды.

Тараптар көпжақты құрылымдар шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге мүдделіліктерін білдірді. Министрлер Орталық Азиядағы, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері шеңберінде өңірлік ынтымақтастықты дамыту және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар сұхбаттастар биыл жоспарланған екіжақты және көпжақты форматтағы іс-шаралар кестесін қарастырды.