Бала және балабақша: түйін тарқады ма?

Сыр өңірінің мектепке дейінгі білім беру орындарында былық көбейіп тұр. Күн санап күрделене түскен күрмеулі мәселелерді шешу кезек күттірмейтін күйге жетті.

Негізінен, өңірдің білім саласындағы бы­лық пен шылық биыл басталған жоқ. Соңғы жыл­дары салада сұмдық жайттар жиі бой көрсетіп, қоғам­ның ашу-ызасын туғы­зып келеді. Оның ішін­де білім саласындағы қар­­­­жылық қитұрқылықтар, оқушылардың топ­та­сып төбелесуі, білім сапасының төмендеуі көп­ті толғандырады. 

Биылғы жаңа оқу жылы тағы Сыр өңірінің бі­лім саласында жайсыз оқиғалардан басталды. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру ұйым­да­рын­дағы бассыздықтар елді есеңгіретіп тастады. Со­ның ішінде балабақшаларды жайлаған ке­лең­сіздіктер сын садағына ілігіп тұр.

Бұл тұрғыда ай-күннің аманында жеке б­а­ла­­бақшада қайнаған суға күйіп қалған бүл­діршіннің оқиғасы ата-ана үшін ауыр соққы бол­са, қоғамды дабыл қағарлық күйге жеткізді. Қы­зылорда қаласындағы «Сыр болашағы» бала­бақ­шасында болған бұл сұмдық жағдай білім ме­кемелеріне шұғыл түрде тексеріс жүргізуге түрт­кі болды. Нәтижесінде, кішкентай Ерке­жан­ның оқиғасынан кейін атышулы бала­бақ­шаға мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылып, кейін­нен аталмыш бөбекжай мүлдем жабылды де­ген қауесет желдей есті.

Облыстық Білім басқармасы таратқан мәлі­мет­ке сәйкес, өңірде балабақшалар мен мек­теп­тердің көптеп ашылуы, оның ішінде жекеменшік бі­лім беру ұйымдарының артуы жоғары нә­ти­жеге ие. Нақты уақытта облыста 577 мектепке дейін­гі ұйым мемлекеттік тапсырыс аясында жұ­мыс істейді екен. Оның 532-сі – балабақша, 45-і – шағын орталық ретінде құрылымданған. Бұл мекемелерде 45 мыңнан астам бүлдіршін тәр­биеленеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік тап­сы­рыссыз жұмыс істейтін 96 жекеменшік ұйым бол­са, онда 14 703 бала қамтылған. Сонымен қа­тар мемлекеттік мектептерде 172 мыңнан ас­там бала болса, 39 жекеменшік мектепте 15 мың­нан астам оқушы білім алады деген ақпар бар. Дей тұрғанмен, бұл білім орындарындағы бі­лім сапасы мен балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бағытындағы жұмыстардың әлі де ақсап тұрғаны аңғарылады.

Бұл аз десеңіз, соңғы күндері қоғамда бала­бақ­шалардағы балалар тасымалына қатысты тағы да дау шықты. Оның ішінде бала тасы­мал­дайтын көліктерге қатысты жол-көлік оқи­ға­ларының жиілеуі елді дүрліктіріп жіберді. Со­ның бірі – 16-қыркүйекте Қызылорда қала­сын­дағы КБИ шағын ауданында кешкі 6-лар ша­масында болған көлік апаты жығылғанға жұ­ды­рық болды. Кейіннен соқтығысқан көліктердің бірі жеке балабақшаға тиесілі тасымалдау көлігі екені анықталды. 

Осы оқиғадан кейін өңірдің білім саласына қа­тысты басшылар аяғынан тік тұрып, шұғыл әре­кет жасауы – заңдылық. Соңғы дерекке сәй­кес, аталмыш жағдайдан кейін қаладағы барлық ба­лабақшадағы тасымал қызметінің тоқ­та­тылғаны мәлім болды.  

«Балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қа­лып­тастыру ең басты міндетіміз саналады. Осы ар­қылы өзін қауіпсіз ортада сезініп өскен бүл­діршін қоғамға тез бейімделетіні белгілі. Өкі­ніш­ке қарай, кейде балалардың құқығы мен қауіп­сіздігіне нұқсан келетін жағдайлар да кез­де­седі. Соңғы кездері балабақшаларда ба­ла­лар­ды тасымалдау қызметіне қатысты бірқатар мә­­селе байқалды. Бүгінге дейін 374 жекеменшік ба­лабақшаның 106-да балалар тасымалы ұйым­дастырылып келген. Әрине, жұмыс уақытында көп­теген ата-ана балаларды жеткізудің мұндай қыз­метіне жүгінетіні белгілі. Бірақ саладағы тәр­тіпсіздіктің салдарынан соңғы айларда екі рет жол-көлік оқиғасы тіркеліп, қоғамда үлкен алаң­даушылық тудырып тұр. Негізінен, қол­даныстағы заңнама бойынша балаларды та­сы­малдауға қойылатын талап өте қатаң. Бұл мәселе әр­дайым біздің ерекше бақылауымызда тұр. Алдағы уақытта да облыстық Білім басқармасы тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті органдармен бірлесіп қатаң шаралар қабылданатын болады. Біздің ең басты ұстанымымыз – балалардың өмірі мен ден­сау­лы­ғы әрқашан бірінші орында болуы тиіс, – деді аталмыш мәселеге орай өткен шұғыл жиында Қы­зылорда облыстық Білім басқармасының бас­шысы Асқарбек Есжанов. 

Балабақшалардағы тасымалдау қыз­ме­тін­де кездесіп отырған олқылықтар көптен бері көпшіліктің талқысынан түсер емес. Соның ішінде жекеменшік ұйымдардағы көліктердің та­лапқа сай келмейтіні, оның балалардың өмі­ріне тікелей қауіп төндіру мүмкіндігі жиі айты­ла­ды. Ендігі кезекте бұл түйткілді шешу үшін нақ­ты шаралар қабылдау қажет екені өздігінен сұранып тұр.

Облыс бойынша балалар қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, балабақшалардағы тасымал жұ­мыс­тарының жүйелі жүргізілуін ұйымдастыруда По­лиция департаментінің де маңызы орасан. Осы ретте аймақтағы білім ошақтарында оқи­тын  әрбір оқушының жолдағы, мектеп ауласын­дағы және мерекелік шаралар кезіндегі қауіп­сіз­дігі күн тәртібінен түспеуге тиіс. 

«Бүгінде өңірімізде жол-көлік оқиғаларының тыйылмауы өзекті мәселенің біріне айналып тұр. Өкінішке қарай, жол апаттарының негізгі се­бебі – көлік жүргізушілердің жолдағы жауап­сыз­дығына тікелей байланысты болады. Оның ішін­де көлік жүргізу кезінде маневр жасау ере­же­лерін бұзу, қарама-қарсы бағытқа шығу, ба­сып озу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу сынды өрес­кел заңбұзушылықтар жол апатына бірден-бір себеп. Осыған байланысты жол қозғалысына қа­тысушылардың жауапкершілігін арттыру жә­не құқықбұзушылықтардың алдын алу бағы­тындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл тұрғыда жыл басынан бері «Балабақша» бағытындағы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тек соңғы іс-шара барысында 265 әкімшілік құқық­бұзушылық анықталып, 28 көлік айып алаңына қойылды. Сол сияқты тағы 23 көліктің мем­ле­кет­тік нөмірі тәркіленді. Бұдан өзге, облыс бойын­ша балаларды тасымалдаумен айналы­са­тын 83 көлік құралының 61-і тексеріліп, тех­ни­калық жай-күйіне байланысты 29 әкімшілік ша­ра қолданылды. Алайда әзірге тек жазалау ша­расымен толғақты мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан тиісті жұмыстар алдағы уақыт­та да жалғасатын болады», – дейді бұл жөнінде Қы­зылорда облыстық Полиция департаменті бас­тығының орынбасары Ермахан Абдраманов.

Полиция департаментінің дерегіне сәй­кес, жаңа оқу жылынан бері балалар қауіп­сіздігін, оның ішінде оқушылардың мек­теп­ке бару және қайту кезінде қайғылы оқи­ға­лардың алдын алу бағытында тиісті шаралар үз­дік­сіз жүргізіліп жатқанын алға тартады. Со­ның негізінде білім беру ұйымдарының ай­на­ла­сында орналасқан жол қозғалысын реттейтін тех­никалық құрылғыларға зерделеу жұмыстарын жүргізу, кемшілік анықталған қондырғыларды қайта қалпына келтіру, жол белгілері мен жаяу жүр­гіншілерлің жолүсті жолақтарын жаңарту бағытындағы жоспарлы жұмыстар тұрақты түр­де жүргізіліп жатқанын мәлімдеп отыр. 

Дерекке сәйкес, Қызылорда облысы жеке бал­а­бақшалардың ашылуы жағынан республика бойынша облыстар арасында үшінші орында екен. Алдыңғы шепте Түркістан мен Алматы об­­лысының еншісі басым. Бірақ Сыр өңірі бө­бекжайдағы бассыздықтардан, оның ішінде та­сымалдау кезінде шамадан тыс бала мінгізу, жол апатының жиі болуы, улану, ұрып-соғу се­кілді жайсыз жағдайлар бойынша да есе жі­берер емес. Соның айғағындай, бүгінгі күнге дейін түрлі келеңсіздік салдарынан 93 балабақшаға ес­керту беріліпті. Алдағы уақытта аталмыш ұйымдарға қатысты тиісті кемшіліктер түзел­ме­се, бұл балабақшалар да мемлекеттік қар­жы­ландырудан қағылғалы тұр. Бұл жөнінде Қы­зылорда облысы әкімінің орынбасары Мей­рам­бек Шермағанбетов арнайы өткен жиында мә­лім еткен еді.

Қорыта айтқанда, Қызылорда облысының бі­лім беру ұйымдарындағы балалар қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселесі майшаммен қарайтын жағ­дайға жетіп тұр. Соның ішінде бала­бақ­шалардағы қауіпсіздік шараларын кеңейту, кә­мелетке толмағандар арасындағы құқық­бұзу­шы­лықтың алдын алу сияқты күрмеулі мәсе­ле­лерді жедел шешу қажеттілігі сезіледі. Сонда ға­на мектеп пен балабақшаларда жайлы әрі қауіп­сіз орта қалыптастырудың маңызы арта тү­сері сөзсіз. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы