Баланы жазатайым жағдайдан сақтандыру қажет пе?

Күн сайынғы қос бүйірден қысқан қымбатшылық кім-кімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Десе де, әр ата-ана үй іші мен бала-шағасының қамымен өмірдің ыстық-суығына шыдап жүр. Олардың бар арманы – балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, жеткізу және болашағын қамтамасыз ету.

Соның бірден-бір қадамы – ата-ананың өмірін сақтандыра отырып, балаға кепілденген қор жинау. Осыған біздің қоғам дайын ба? Жалпы, балаға сақтандыру керек пе, оның артықшылығы неде? «Бала мен ата-анаға сақтандыру не береді?» деген сұрақтарға Halyk Life өмірді сақтандыру компаниясының қаржы консультанты Әлия Исалинова айтып берді.

– Әлия ханым, Еуропада ғана емес, қазір бізде де өмірін сақтандырып жатқандар бар. Бірақ сол сақтандыру балаға қаншалықты қажет? Оған сақтандыру ашу маңызды ма?

–  Кез келген ата-ана бала дүниеге келісімен қор жинауы тиіс. Әрине, ең алдымен баланы материалдық жақтан қамтамасыз етуіміз қажет. Егер ол қаржылай қамтылмаса, болашағы бұлыңғыр. Ертеңгі күні қажетті білім алмаса, жақсы жұмысқа тұра алмайды. Іліксе де, қара жұмыстан аса алмайды. Қазірден бастап баланың оқуына қаражат жинаған абзал. Сақтандыру – сол қорды жинауға мүмкіндік. «Бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді» демекші, өскенге дейін  ол денесіне талай зақым келтіретіні рас. Әрине, алғашқы көмек көрсетіледі. Алайда одан кейінгі ем-домына сақтандырудың пайдасы тиеді. Ақшаны оған жұмсамаса да, келешекте оқуына, пәтеріне, кәсібіне бастапқы жарнасы болар еді. Біріншіден, бұл – баланың болашағына жолдама. Екіншіден, ата-анаға тыныштық сыйлайды. Себебі аз да болса баласының қоры барын біліп, уайымға салынбайды. Мысалы, көп ата-ана «балам ақылды, міндетті грантқа ілінеді» деген сеніммен жүре береді. Бірақ бұған 100 пайыз кепілдік бар ма? Әрине, бала грантқа түссе, нұр үстіне нұр. Қорда жиналған ақшасын өз қажетіне жұмсай алады. Не болмаса шетелдегі оқуында жүріп-тұруын қамсыз жұмсайды. Ал түсе алмаса ше? Көп бала әке-шешесіне салмақ салмас үшін өзіне ұнамаса да, қаламаса да грант бөлінген мамандыққа түсе салады. Егер де қоры болса, бала грантқа ілікпесе де, өзінің қалағын оқуына түсуге мүмкіндік алады. Бір сөзбен айтқанда, жиналған қордың еш зияны жоқ. Сондықтан ата-аналарға айтарым, қазірден бастап балаңыздың болашағын ойлаңыздар...

– Қазір көптеген банктерде баланың болашағына арналған түрлі депозиттер бар. Соларды пайдалануға не кедергі? Сақтандырудың  артықшылығы неде?

– Рас, балалардың оқуына арналған бағдарламалар бізде ғана емес, «Отбасы банкте» немесе кез келген екінші деңгейлі банктен ашуға мүмкіндік жасалған. Біздің артықшылығымыз – баланың ғана емес, ата-ананың өмірін де сақтандырамыз. Мәселен, кенеттен баланың ата-анасы оқыс жағдайға ұшырып, жұмысқа жарамсыз болса, олардың бүкіл міндеттемесін сақтандыру компаниясы өз мойнына алады.

Бізде баланың туу куәлігін алған күннен бастап 2, 3, 5 жастан да сақтандыруды аша алады.  Ал оның мерзімі сақтандырушының қалауына қарай шешіледі. Негізі бала туған күнінен кәмелеттік жасқа толғанға дейін сақтандырылады. Құдай сақтасын, сол аралықта не боларын кім білсін?! Алайда бағдарламаны ашқан ата-ана жазатайым жағдайдан немесе денсаулығы сыр беріп, өмірден өтсе, бүкіл міндеттеме сақтандыру компаниясының мойнына өтеді. Екіншіден, ата-ана он жыл бойы барлық төлемнен босатылады. Бала мектепті бітіріп, 17-18 жасқа келгенде өзі түскен жоғары оқу орнын сол қаражатпен төлей алады. Не болмаса осы бағдарламамен сақтандыру ашқан әке-шешесі еңбекке жарамсыз болса, отбасы толықтай төлемақыдан босатылады.  Ал өзге екінші деңгейлі банктерде сақтандыру кірмейді. Halyk Life-тың бұл бағдарламасын балаға тек әке-шешесі емес, тікелей туысқан ата-әжесі немесе аға-әпкелері аша алады.

– Сақтандырудың түрлі бағдарламасы бар. Балаға ең алдымен қайсысын ашқан дұрыс? Көпбалалы отбасылар 5-7 баласына ашуға мүмкіндігі бола бермейді. Олардың не істегені жөн?

– Біздегі  бағдарламалар –  «Болашақ-Life»,  Bilim-Life  және «Балам». Әрқайсысының өзінің келісімшартына байланысты өз артықшылығы бар. Кез келген ата-анаға алғашқы екі бағдарламаны ұсынамын. Мысалы, сақтандырушының Halyk Life-тың шотында 10 миллион жиналды делік. 10 жыл жинайтын ата-аналардың капиталы екі есе көбейеді. Яғни, 1 миллион 200 теңге жинаса, 3 миллион теңгеге жуық қаражат жиналады.

Егер жаңағы бала 10 миллион жинап, ақылы оқуға түсіп, оған жылына 1,5 миллион теңге төлеуі қажет дейік. Сақтандыру компаниясы оның 4 жылдық оқуын өтеп, қалған ақша  бала диплом алғанда қолына тиеді.  Кейбір ата-ана тек 3 миллион жинап, оның оқу ақысына жетпесе, бар қаражатпен төлемін жабады. Жетпеген сомасын ата-ана өз қалтасынан төлейді. Не болмаса бала шетелге түсіп, сол университеттің талабы бойынша ақысын талабына қарай өтейді. Бірі төрт жылдың төлемін толық немесе екі жылды төлеуді талап етуі мүмкін. Ондайда компания барлық төлемді оқу орнының шотына аударады. Қалған ақшаны сол жақтан алады. Бұл –  Halyk Life.

 Көпшілігі баласының болашағы үшін, яғни  «баласы оқи алмай қалмасын» деген уайыммен  Bilim-Lifе-ты таңдап жатыр. Көпбалалы отбасыларға оның пайыздық мөлшерлемесі бойынша төлемақы көбірек түседі. Бұл сақтандыруды әкесі немесе шешесі аша алады. Ал ата-әжесі  немересіне ашу үшін әке-шешесінің келісімін алу қажет. Біздің мақсат – бағдарламаны әр қазақстандыққа қолжетімді ету.

Көпбалалы ата-аналар ең болмағанда үлкен баласына ашқаны дұрыс. Ертеңгі күні ол оқуға грантқа іліксе, сақтандыру екінші баласының қажетіне жарайды. Қаржыдан қысылмасаңыз алдымен баланың оқуына салып, артынан отбасының асыраушысын сақтандыруға кеңес берер едім. Қазір заман талабына сай сақтандыру шотын кеңсеге келмей, онлайн аша бересіз. Қажетті құжаттың көшірмесін жіберіп, өз ұялы телефоныңыздан мақұлдасаңыз жеткілікті.

–  «Болашақ-Life» бағдарламасы ата-анаға несімен тиімді?

Бұл балаға арналған бағдарлама. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей денсаулықты сақтандырса,  оның еміне бір жылға 3 миллион теңге көмек беріледі. Онда да бұл дене жарақатының ауырлығына байланысты қаралады. Мәселен, велосипедпен ойнап жүріп, құлап, аяғын сындырған бала, яғни әке-шешесі арқылы анықтамасын әкеледі. Рентгеннің суреті мен амбулаторлық карта, оған дәрігердің қолы қойылуы тиіс. Міне, сол үш қағаз бойынша баланың ата-анасына 450 мың теңге беріледі. Онда тек баланы жазатайым жағдайдан сақтандыру ғана емес, оның әке-шешесін де сақтандыруға болады. Себебі баланы қаражатпен қамтамасыз етіп отырған әке-шешесі. Ертең әке-шешесі дене жарақатын не аяғын сындырып, үйдің асыраушысы ретінде жұмысқа шықпаса, отбасының ахуалы қиындай түседі. Сондықтан келісімшарт бойынша ол кісіге де балаға берілетіндей бір жылға 3 миллион  теңгедей көмек тиесілі. Яғни, әкесіне қолма-қол 450 мың теңге беріледі. Ол – бір.

Екіншіден, егер 6 айдың ішінде сол дене жарақаты бойынша әкесіне ота жасалса, оған тағы қосымша ақша беріледі. Үшіншіден, әкесі жұмысқа жарамсыздығы жағынан жұмыстан босатылса, 7 күнге дейін жұмыс істеген мекемесі 25 АЕК-ке дейін төлейді. Ал сақтандыру әкесіне 7 күннен 60 күнге дейінгі аралықта күніне 6 мың теңгеден төлейді. Ертеңгі күні әкесі баланы асырай алмай, несие алып, қарызданып кетпеуіне жәрдем болады. Сонымен қатар  төртінші төлемақы бар. Егер әкесі сол дене жарақаты бойынша емханаға түсіп, сонда жатып ем алса, 7 күннен 60 күнге күніне тағы 6 мың теңге төленеді. Сөйтіп, зардап шегуші әр күніне 12 мың теңге алуы мүмкін.  Алда-жалда ол кісі жарақаты бойынша І немесе ІІ топ мүгедектігін алса, ол сақтандыру бойынша міндеттемеден толықтай босатылады. Оның ай сайынғы төлемін сақтандыру компаниясы төлейді. Кейін қаражатты бала 18-ге келгенде шешіп ала алады.

– Тағы қандай жағдайда отбасы төлемақыдан босатылады?

– Бізде 11 қауіпті ауру бар: инфаркт, инсульт, онкология, бүйректен қатты ауруға шалдығып, диализ стадиясына түссе, көзі көрмей қалса, азғасын  ауыстырса, жүрегіне үш рет ота жасаса, шашыраңқы склероз секілді ауруынан І-ІІ топтағы мүгедектік алса, ол кісі үшінші жылдан бастап төлемақыдан босатылады. Бұл бағдарламаның тағы бір артықшылығы: әкесі баласы мен өзін ғана емес, келіншегін, яғни баланың анасын  сақтандыру полюсіне қоса алады. Әкесі – сақтандырушы, шешесі – сақтандырылған, бала – қаражат алушы және дене жарақаты бойынша сақтандырылады. Егер өмірден әкесі өтіп кетсе, бүкіл төлемақыдан отбасы босатылады. Бірақ бала 18-ге келгенше шешесі екеуі сақтандырыла береді. Ал бағанағы дене жарақаты әкесіне емес, шешесіне тиесілі болады. Егер әкесі емес шешесі дүниеден өтсе, отбасы төлемақыдан босатылады.

–  Негізі баланы неше жастан сақтандырған дұрыс? Қандай төлемнен бастаған жөн?

– «Болашақ-Life» бағдарламасында 15 жасқа дейінгі балалар сақтандырылады. Ал олардың әке-шешесі 18 жастан жоғары болуы тиіс. Оның үстіне, бала 18 жасқа келгенше әке-шешесінің жасы 70-тен аспауы керек. Сонымен бірге баланың әке-шешесі денсаулық бойынша декларация тапсырып, олардың ауыр сырқаты болмауы қажет. Егер қант диабеті секілді күрделі ауру болса, компания сақтандыруға алмайды. Келісімшартқа отырған соң, он жылдың ішінде жаңағы қатерлі сырқатқа шалынса, компания  одан бас тарта алмайды. Сөйтіп, сақтандыруды мерзіміне дейін сақталады.

Сақтандырудың төлемі әр адамның қаржылық жағдайына байланысты. Әрбір салымшы өз қалтасы қанша көтере алады, соны төлегені дұрыс. Өз басым, тапқан табысыңыздан 10 пайыздан көп болмауы керек деп санаймын.

– Баласына сақтандыру ашқан ата-анаға мемлекеттен берілетін қандай да төлемдер бар ма?

– Әрине, бар. Мысалы, баланың сақтандыруына әкесі немесе шешесі ең төменгі мөлшермен айына 10 мың теңгеден жинап жатыр делік. Үкімет үстінен «Келешек» бағдарламасы арқылы қосымша қаражат береді. Егер бала 2020 жылдан кейін туған болса, ол 5 жасқа келгенінде есепшотына 60 АЕК мөлшерінде бірреттік төлем түседі. Бұл – мемлекет тарапынан бастапқы берілетін көмек. Мүмкіндігі шектеулі бала білім іздеп, оқуға түскісі келсе, Үкімет тарапынан  отбасына бұл көмек 60 емес, 120 АЕК көлемінде беріледі. Ал бұл көмек 2020 жылға дейінгі балаларға берілмейді. 2020 жылы туғандар 2037 жылы мектеп бітіріп, ЖОО-ның түлектеріне айналатын шақ. Үкімет сол кезеңде мемлекеттік грант бөлуге шамасы келмеу мүмкіндігін жобалап, оларға бірреттік төлемді ұсынып отыр. Егер бала грантқа түссе, Үкіметтен берілетін бағанағы көмегін дипломын алған соң ғана ақшаны шеше алады. Өйткені Үкімет бұл төлемді  өз бюджетінен оқуға деп арнайы бөлген. Ал ақылы оқуға түссе, құжатын тапсырып, ақшасын алады. Ата-ананың енді бірі «бастапқы капиталды алмаймын» деп бас тартып, сақтандыруға салынған ақшасын толығымен шешіп алуына болады.

Оған қоса, бала 17 жасқа толғанда Ұлттық қордан түсіп жатқан ай сайынғы 100 доллар көлеміндегі қаражатты сақтандыру шотына аударта аласыз. Оны баланың біліміне не болмаса пәтерге жұмсауы ықтимал.

– Ұзақ уақыт бойы салып отырған салымшыға сіздерден қандай пайда түседі?

Сақтандыру ашсаңыз біздің компания депозиттегідей жыл сайын жинап жатқан ақшаға 8 пайыз төлем қосады. Содан кейін Үкімет тарапынан 5 пайыз тағы бар. Екеуін қосқанда жылдық жинаған сомаңызға 13 пайыз мөлшері түседі. Одан басқа баласын сақтандырған ата-ана жұмысында жалақысынан ұсталып отырған жеке салық табысынан 10 пайызын қысқартуға мүмкіндігі бар.

– Сақтандыру жайында, оның балаға ғана емес, бүкіл отбасына шарапаты тию мүмкіндігінен шалғайдағы ауыл-аймақ тұрғындары хабарсыз. Осыны түзеу үшін не істеу керек?

– Рас, ол жаққа ақпарат жетіңкіремей жатыр. Оның үстіне, бізде қазақша ақпарат өте аз. Шалғай ауыл-аймақта орысшаны көпшілік түсіне бермейді. Сонымен қатар ол жақта істейтін адамдар да аз. Еліміздің бүкіл аймағында түсіндіру жұмысы мүмкіндігінше жүріп жатыр. Соның ішінде оңтүстік өңірдегі әріптестеріміз ауыл-ауылға шығып, қарқынды жұмыс істеуде. Олардың біздің компанияда жұмыс істегеніне 20 жылдан асты. Қолымыздан келгенше халықты ақпараттандырудамыз.

Алайда әу баста сақтандыруды бастағанда халық сенбеді. Уақыт өте бүгінде халықтың сақтандыруға деген көзқарасы өзгерді. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ел алдында сақтандыру мәселесін сөз еткен. Байқасаңыз, соңғы 5 жылда «Отбасы банкі» қарқынды жұмыс істей бастады. Оның көмегі барына халықтың көзі енді жеткендей. Әзірге әлі ешкім бұл бағдарламамен баласын  оқытпады. Жұмысымыз жемісін береді деп қол қусырып, 18 жыл күте алмаймыз. Сондықтан баланы қазірден қамтамасыз етсек, ертеңгі күні үй ішіне пайдасы тиеді.