Бурабайда 17 жастағы ер адам жоқ үйді «жалға берген»: полиция алаяқтық бойынша іс қозғады

Бір жағдайдың өзінде жәбірленуші «броньдау» үшін 60 мың теңге аударған, алайда кейін ол байланысқа шықпай қойған.

Қостанай облысы ПД Киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірімді ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол Бурабайда үйді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялап, сенгіш азаматтардан алдын ала төлем алған.

Полицияның мәліметінше, ол хабарландыру сайттары арқылы әрекет еткен. Бір жағдайдың өзінде жәбірленуші «броньдау» үшін 60 мың теңге аударған, алайда кейін ол байланысқа шықпай қойған.

Жүргізілген жедел шара барысында хабарландыру жарияланып, хат алмасу жүргізілген телефон тәркіленді.

Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Полиция жасөспірімнің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

Құқық қорғау органдары азаматтарға ескертеді: тұрғын үйді жалға аларда ақпараттың шынайылығын тексеру қажет, ақша аударуға асықпаған жөн және мүмкіндігінше жазбаша келісімшарт жасаған дұрыс.