Радиоактивті материалдарды тасымалдау қатаң қадағаланады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді және Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Депутаттар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасы­малдау туралы келісімді ратификациялады. Келісімге 2020 жылдың 6 қарашасында қол қойылған. 

Құжат бойынша баяндама жасаған Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев келісім трансшекаралық тасымалдарды бақылау тиімділігін арттыруға, радиоактивті материалдарды мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу кезінде негізсіз кідірістерді болдырмауға, орын ауыстыру мониторингі жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ радио­активті материалдардың заңсыз орын ауыстыруының жолын кесуге бағыт­талғанын айтты.

– Мемлекет басшысы атом энер­гетикасы мен ядролық технологияларды дамыту энергетикалық қауіпсіздікті, ғылыми-техникалық прогресті және ел­дің атомды бейбіт мақсатта пайдала­ну саласындағы халықаралық міндет­те­мелерін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақ­стан жоғары халықара­лық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін заманауи нормативтік-құқықтық база­ны қалып­тастырады, сондықтан осы келісім­ді ратификациялау өзекті, – деді А.Сәтқалиев. 

Депутат Арман Қалықов қосымша баяндамасында келісімді қабылдау ядролық және радиациялық қауіпсіздікті арттыруға, радиоактивті материалдарды тасымалдауға қойылатын ұлттық талап­тарды оңтайландыруға ықпал ететінін атап өтті.

Сонымен қатар жалпы отырыста 2024 жылғы 10 қазанда Ашхабадта жасалған Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім де ратификацияланды. Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, келісім қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрады. Онда ақпараттық техноло­гиялар мен ақпараттық қауіпсіздік, тер­ро­ристік және экстремистік қылмыстар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және адам саудасы саласында екі елдің құзыретті органдарының қарым-қатынасын дамыту көзделген. 

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев келісім екі елдің құқықтық тәртібін ны­ғайтып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашатынын айтты.

– Құжат сұрау салуларды орындау және құзыретті органдар арасындағы ынтымақтастық қылмыстардың жолын кесуге, алдын алуға және ашуға мүмкіндік береді әрі қылмыстық істерді неғұрлым тиімді тергеп-тексеруге көмектеседі. Іздестірілетін адамдарды анықтау, ұстау, қамауға алу немесе олар туралы ақпаратты беру мақсатымен қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық жауапкершілік пен жазаның бұлтартпастығы қағидатын қолдануға мүмкіндік береді, – деді депутат.

Келісімді жүзеге асыруға Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Түрікмен­станның Ішкі істер министрлігі жауапты болады. Қазақстан бүгінде 20 мемлекетпен, соның ішінде, Қытай, Түркия, Өзбекстан және басқа да елдермен осындай құжат жасасқан. 

Палата комитеттері жаңа заң жоба­ларын жұмысқа қабылдады. Олар: Еңбек кодексіне еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы; Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы страте­гиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы. 

Мәжіліс «АМАNАТ» партиясы фрак­циясының мүшесі Жұлдыз Сүлей­мено­ваның Оқу-ағарту министрі болып та­ғайындалуына байланысты оның өкі­леттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Жалпы, отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-эконо­микалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 20 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен телеграм арнасында жарияланды.