Су саласына серпін берер оқу ордасы ашылды

Былтырғы көктемде еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны болып, салаға білікті мамандардың жетіспейтіні көрінді.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы Жарлық шығарып, Тараз қаласынан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құруды тапсырды. Бұған дейін М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің құрамында болған бұрынғы гидрокешен қазір су саласы мамандарын оқытуда.

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің рек­торы Кәмшат Түсіпованың ай­туын­ша, қазір білім ордасы қажетті тех­никалық-материалдық базамен ны­ғайған. Оқытушылар мен сту­дент­тердің саны жыл санап артуда. 

– Қазір оқу орнында 2 047 сту­дент білім алып жатса, оларға 117 оқы­тушы тәлім беруде. Біздің уни­вер­ситеттің мамандарына сұраныс жыл санап артатыны анық. Өйткені республика аумағында 5 923 гид­ро­техникалық нысан бар. Оған ка­нал­дар, шлюздер және басқа да құ­ры­лым­дар кіреді. Барлығы кеңес дәуі­рінде салынған. Бұл нысандарға жай ғана бақылау емес, уақытылы жөн­деу, жаңғырту қажет. Сонымен қа­тар жаңа гидротехникалық құры­лыстар да жүргізілуге тиіс, – дейді Кәмшат Маратқызы.

Кейінгі бір жыл ішінде уни­вер­си­тет халықаралық байланыстарды кү­шейтіп, білім беру сапасын арт­тыруға және ғылымды дамытуға бел­сене кіріскен. Ректор Кәмшат Тү­сіпованың айтуынша, шетелде сту­денттердің өз елінен тыс жерде бір семестр немесе бір оқу жылын оқып келуі – қалыпты құбылыс. Алай­да елімізде бұл бағыттағы жұ­мыстар кенжелеп қалған. Сон­дық­тан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті шет­ел­дік білім ордаларымен келіссөздер жүр­гізіп, студенттердің сыртта білім алуына бар мүмкіндіктерді жасауда. Атап айтсақ, Венгрия мемлекетінің Обуда университетімен мәмілеге ке­ліп, 400 студент тегін оқуға мүм­кін­дік алған. Жаңа оқу жылының өзін­де 45 студент шетелге аттанып отыр. Сондай-ақ Венгрияның Corvinus университетімен бірлесіп, «Су ресурстарын басқару және су дип­ло­матиясы» мамандығы бойынша қос дипломды магистратура бағ­дар­ла­масы ашылған. Оған қазір Су ре­сурстары және ирригация ми­нистр­лігінің 29 қызметкері құжат тап­сырып отыр.

– Жоғарыда айтылған жетіс­тік­тер­ден бөлек, тұңғыш рет «Су ре­сурс­тарын басқару» бағыты бойын­ша PhD-докторантура бағдарла­ма­сы іске қосылуда. Бұл бағдарламаға тек министрлік пен оған қарасты ме­кемелердің қызметкерлері қа­был­данады. Мұның басты мақсаты – мем­лекеттік деңгейде ғылыми не­гіз­делген басқару және су дипло­ма­тия­сы тәсілдерін меңгерген маман­дар даярлау. Сонымен қатар уни­вер­ситет Erasmus Design Measures гран­тын жеңіп алды. Жоба аясында жа­ңа қос дипломды бағдарламалар әзір­леніп, Су дипломатиясы орта­лы­ғы құрылады. Жеті елдің уни­вер­си­теттері қатысатын дипломатия ор­талығының алғашқы халық­ара­лық кездесуі 29-31 қазанда Буда­пешт қаласында өтеді деп жос­пар­лануда. Университет сондай-ақ құ­ны 3 миллиард теңге болатын жа­санды интеллект хабын құру жо­басын әзірледі. Сол секілді Қы­тай­дың Су ресурстары және электр энер­­­гетикасы солтүстік универ­си­тетімен бірлескен зертхана ашу жө­­­­нінде меморандумға қол қойыл­ды. Жаңа зертхана гидрологиялық және жерасты суларының модель­деуін дамыту, су қауіпсіздігі мәсе­ле­лерін зерттеу және су ресурстарын бас­қаруға жасанды интеллект енгізу жұ­мыстарымен айналыспақ, – дей­ді Кәмшат Түсіпова.

Оқу орында білімнің бірыңғай еу­ропалық жүйесі «Болон процесі» де іске қосылған. Кейінгі 30 жылда кеңес­тік білім беру тәжірибесінің ор­н­ына енген бұл жүйе кезінде та­лай сынға қалғаны да рас. Әсіресе, сту­денттерді «бір салаға ғана бейім­делген маман қылып шығарады» де­ген пікір бар. Алайда су ресурс­тары университеті бұл бағдарла­ма­ның тиімді тұсын алып жүзеге асыр­мақ екен.

– Кеңестік білім беру жүйесі өзі­нің пайда болған кезеңінде, яғни өт­кен ғасырдың 30–50 жылдары үшін тиімді болды. Алайда ХХ ға­сыр­дың соңына қарай қоғамның дамуы, техниканың өсуі, ақпарат ағы­нының ұлғайғаны соншалық, мұ­ғалімдерге де, студенттерге де бар­­лық қажетті білімді толық қа­был­дап талдау оңайға соқпады. Ал Бо­лон үдерісінің мақсаты – нақты бір саланың ғана мамандарын даяр­лау емес. Оның басты артықшылығы – жаһандану жағдайында халық­ара­лық білім стандарттарын бірізден­діру, жоғары білімнің қолжетімді әрі қамтушы болуын қамтамасыз ету, сту­денттер мен оқытушылардың, зерт­теушілер мен басқарушылардың еркін алмасуына жол ашу. Сондай-ақ әркім өз қабілеті мен қызы­ғу­шылығына қарай жеке оқу жос­парын құрып, білімін жетілдіре ала­ды, – дейді Кәмшат Маратқызы.

Ректор университеттің бұрынғы Жам­был гидромелиоративтік-құ­ры­­лыс институтынан қалған мате­риал­дық базасын да жаңғыртуға кі­ріскенін айтты. Қазір демеу­ші­лердің қолдауымен мелиоративтік-әдістемелік кешеннің құрылысы бас­талған. Университеттің кең ау­мағы мен әртүрлі мақсаттағы ғи­марат­тарының болуы түрлі бөлімдер мен зертханалар ашуға мүмкіндік ту­ғызып жатыр. 

Университетке Қытайдың Сол­түс­тік Су ресурстары және элек­троэ­нергетика университетінің де­­легациясы ресми сапармен кел­ген. Онда академиялық ұтқырлық, қос диплом, халықаралық зерт­ха­на­­лар құру мәселелері талқыланды. Жал­пы, әлемге танылған бұл уни­вер­­ситетте 24 оқу мектебі мен фа­куль­­тет, 174 ғылыми-зерттеу инс­ти­ту­ты болса, онда 40 мыңнан аса сту­­дентке 2 000 оқытушы дәріс бе­ре­­ді. Осы университеттің үш түлегі ҚХР Су ресурстары министрі бол­ған. 

– Бұл сапар Қазақстан мен Қы­тай арасындағы ғылыми серік­тес­тік­ті жаңа деңгейге көтеріп, Таразды Ор­­та­лық Азиядағы су ғылымының маңызды орталығы ретінде таны­та­ды деген сенімдеміз. Келіссөзде Та­раз­да бірлескен Хуаю колледжін ашу да сөз бол­ды. Бұл қытай-қазақ сту­дент­те­рінің білім алу мен зерт­теулер жүр­гізуінің алаңы болады. Ай­мақтағы университеттің ха­лық­ара­лық аренаға шығып, Орта Азия­дағы су ғылы­мы­ның орталығы ре­тін­де имиджін кө­теріп, жергілікті би­ліктің ғылымды қол­дауға деген ст­ратегиялық рөлін арт­тырады, – дейді университет рек­торы Кәмшат Түсіпова. 

Міне, осылайша, жаңа су ша­руа­­­шылығы және ирригация уни­вер­ситеті болашаққа алғашқы қа­да­­­мын жасауда. Құрылғаны кеше бол­са да, оқу орнының мақсаты ай­қын, жоспары жұмыр. Қазір Жам­был облысында аталған уни­вер­ситетке оқуға түсуге ниетті жас­тар көп.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы