«Барлық нөмірін сатып алған»: Реал Мадрид клубы Алматыда қонақүйді қанша миллионға жалдағаны белгілі болды

БАҚ мәліметінше, осы күндері стандартты нөмірдің бір түндік бағасы – 375 доллар, ал люкс нөмір – 560 доллар болған

Алматыға УЕФА Чемпиондар лигасы аясында «Қайратқа» қарсы матчқа келген мадридтік «Реал» футболшылары InterContinental қонақүйіне орналасты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Команда 28 қыркүйектен 1 қазанға дейін ғимаратты толығымен жалға алып, қонақүйді бөгде адамдарға жапқан. Бұл туралы SHOT Telegram-арнасы хабарлады.

Жалға алу құны 278 миллион теңгеден (шамамен 507 мың доллар) асқан. БАҚ мәліметінше, осы күндері стандартты нөмірдің бір түндік бағасы – 375 доллар, ал люкс нөмір – 560 доллар болған. Қонақүйдегі 277 бөлменің барлығы испан клубының иелігіне берілді. Дегенмен «Реал» Алматыға 40-тан астам адамнан тұратын делегациямен келген.

29 қыркүйек кешінде қонақүйдің терезелері қараңғыланып, ғимарат жұмыс істемейтіндей әсер қалдырған. Осыған байланысты клубтың қонақүйді толықтай жалға алғаны жайлы сыбыс күшейді.

Қауіпсіздік шараларына қарамастан, жанкүйерлер қонақүйді қоршап, футболшыларды көруге талпынды. Ал түнде жүздеген адам Алматы әуежайына жиналып, команданы күтіп алды.

Алматы қалалық Туризм басқармасының дерегінше, «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчын көру үшін қалаға Қытай, Үндістан, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД елдері мен өзге де Еуропа мемлекеттерінен 5 мыңнан астам шетелдік жанкүйер келген.