Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру аса өзекті міндет екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Президент Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумында айтты.
«Еліміздегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек, өйткені озық технология дәуірінде түбегейлі өзгеріске дайын болу өте маңызды. Онсыз даму болмайтыны анық.
Тағы бір мәселе. Озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емес. Сондықтан Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет. Бұл бағытта біраз жұмыс істелді, әлі де істеліп жатыр.
Осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалуда. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады.
Жалпы, Цифрлық кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақытылы қабылданған заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ саласы бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті.
«Бірақ жайбарақат отыруға болмайды, алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады.
Алайда біз шындыққа тура қарауымыз керек: Жасанды интеллект және цифрландыру мәселенің бәрін бір сәтте шешіп тастамайды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек.
Атап айтқанда, осы салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп (этика) нормаларын сақтау. Бір сөзбен, әділ әрі тиімді шешім қабылдай отырып, жылдам және ашық әрекет ету керек», – деді Президент.