Жол құрылысын жетік білетін маман

Ізденсем, көрсем, білсем деген азаматтардың ынта-жігері, еңбекқорлығы биік мақсат-мұратқа жеткізеді. Білімді азамат ғылымды қатар алып, елдік міндеттерге ұмтылса, ұлттық маңызы бар мәселелерге бас қатырса, нағыз мемлекетшіл адам – сол.

Ғылымға жаңалық әкелсем, сол арқылы елге пайдам тисе дейтін азаматтардың қатарында автомобиль жолдарының құрылысын, сапасын, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бақылап, басқарып, зерттеп-зерделеп жүрген Нұрғали Амандықов та бар.

Нұрғали – Алматы қаласының тумасы. Қарапайым құрылыс инженерінің отбасында дүниеге келген. 2007-2011 жылдар арасында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «Құрылыс инженері» мамандығы бойынша оқып білім алған.

Академиядан кейін біліміне қарай «ҚазжолҒЗИ» Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында лаборант болып еңбек жолын бастайды. Бұл институт 1959 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан республикадағы жалғыз жол саласындағы ғылыми институт саналады. Ұжымдағы мамандар елдің ерекше табиғи-климаттық жағдайларында автомобиль жолдарын жобалау, салу, пайдалану ерекшеліктеріне қарай жол саласының мәселелерін шешумен айналысады. Осында жүріп Нұрғали жол құрылысының негіздерімен танысады. Лабораторияда жол жабынын зерттеумен айналысады. Облыстың ауданаралық жолдарының сапасын тексеру бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Осылайша,   академияда алған білімін зауыттарда тәжірибеден өтіп, сарапшылармен жұмыс істеп, материалдардың сапасы бойынша есеп дайындау барысында толықтырған.

Нұрғали Амандықов осымен тоқтап қалмай, білімін арттыруды ойлап, 2011 жылы Д.А.Қонаев атындағы көлік жəне құқық гуманитарлық университетіне “Автомобиль жолдары құрылысы”  бағыты бойынша техника ғылымдарының магистратурасына оқуға түседі. Нұрғалидың өзі магистратурада жүріп жол құрылысы саласында бұрын-соңды бетпе-бет келмеген бағыттарға терең бойлауға мүмкіндік туғанын айтады. Өйткені ол оқып жүргенде-ақ жаңашыл жобаларға қатысқан шебер мамандармен, саланың білгірлерімен танысып, ұлттық міндеттерді орындауға талпынған. Ізденіске толы жылдар да зулап өтіп, 2013 жылы Нұрғали магистр дәрежесін алды.

Нұрғали Амандықов 2012 жылы «Қазақавтодор» компаниясына бас инженер болып жұмысқа орналасады. Аталған компания беріде, нақтыласақ, 2022 жылы «ҚазАвтоЖол» мекемесімен біріккенін білетін боларсыздар. Содан компания басшылығы жас та болса білім-білігі толысқан, іскер азаматты Астана мен Көкшетау қаласының арасындағы ұзындығы 200 шақырым болатын автожолдың күтіміне жауапты қылып бекітеді. Қызметте жүріп Нұрғали мемлекеттік деңгейдегі маңызды, ірі жобаларды басқару тәжірибесін үйренеді. Көкшетау қаласының департаменттерімен, үкімет комитеттерінің әкімшілік бөлімдерімен ынтымақтастық орнатады. Жауапкершілігі мол, мемлекеттік маңызы бар жұмыста техникалық тәжірибе аздық ететінін, егжей-тегжейлі ойланып барып қадам жасамаса қиын екенін ұғады. 

2012 жылы қазан айынан ол Көлік және коммуникациялар министрлігі (қазіргі Көлік министрлігі) Автомобиль жолдары комитетінде сыртқы қарыздар бойынша сарапшы болып жаңа қызметке кіріскен. 2014 жылға дейін тағы бір ірі жобаны бақылаудың сәті түседі. Бұл қызметтегі басты міндеті Қазақстан аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жол жобасының құрылысын қадағалау болды. Ұзындығы 8050 шақырым болатын автомагистраль Сары теңізден (Батыс Қытай) басталып, Қазақстан арқылы Еуропаны байланыстырады. Бұл дәліздің Қазақстан аумағындағы ұзындығы 2787 шақырым құрайды. Жұмысты орындауға 20-дан аса шетелдік мердігер компания, инженерлер мен консультанттар тартылған. Жобаны Халықаралық қаржы институттары қаржыландырды. Оның ішінде Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Азия даму банкі секілді ірі банктер болған.

Халықаралық жобаны іске асыру барысында Нұрғалиға тәжірибелі, тың ұсыныстар айтатын, жаңа идеяларға бай инженерлермен жұмыс істеу мүмкіндігі туады. Канаданың Lavalin, Кореяның Dohwa, Аустралияның SMEC инженерлік компаниясы және Қытайдың «Синохадро», Италияның Todidni,  Әзербайжанның  Azerkorpu және Түркиның Alsim Alarko мердігер компанияларымен бірлесіп істеген жұмыстар құрылыс менеджменті бойынша дағдыларын дамытуға септескен. Бұған қоса, Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істеп, дипломатия мен халықаралық қаржылық қатынастар саласындағы дағдыларын да жаңа деңгейге көтерген.

Айта кететін ақпарат, Ұлы жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы FIDIC стандарттарының шеңберінде іске асқан. FIDIC – сонау 1913 жылы құрылған халықаралық инженер-консультанттар федерациясы. Бұл орган әлемнің жүздеген елінде бар. FIDIC-те 1 миллионнан аса инженер маман, 40 мыңға жуық фирма жұмыс істейді. Федерация құрылыс технологиясы мен консультациялық инженерия бойынша халықаралық стандарттарды әзірлейді. Ұйым ең алдымен, құрылыс саласындағы келісімшарт үлгілерімен танымал. Ол шарттардың жол құрылысы сапасын арттыруда маңызы зор саналады. Шетелдік әріптестермен ынтымақтастықта үйлесімді жұмыс істеген Нұрғалидың халықаралық жобаны іске асыруға қосқан еңбегі ескеріліп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жобасының қатысушысы» төсбелгісімен марапатталған.

Бірнеше жылда жауапты қызметте ысылып, мол тәжірибе жинаған Нұрғали 2017 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Әкімшілік жұмыстар департаментіне Әкімшілік-шаруашылық басқармасының бастығы қызметіне тағайындалған. Осы кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік орган басшыларына арналған қайта даярлау курсынан өткен. Дәл осы жыл Нұрғалидың мансабындағы маңызды оқиғаларға толы болды. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырған «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауына қатысып, үш айлық іріктеу нәтижесінде байқауда жеңіске жетеді. «2017 жылдың Үздік мемлекеттік қызметшісі» атағын алады. Байқау нәтижесінен кейін Қазақстан Республикасының Президенті Инвестициялар және даму министрлігіне Нұрғали Амандықовты мансаптық өсу бойынша қызметін жоғарылату жөнінде ресми хат жолдаған. Ізінше ол Мемлекеттік қызмет күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен кездесуге қатысқан. Нұрғали Амандықов министрліктің Әкімшілік жұмыстар департаментінде басқарма басшысы болып еңбек еткен жылдары ауқымды жобаларға жетекшілік етіп, бірнеше өзекті бастама көтерген. Сол бастамалардың ішінде әлі күнге дейін іске асып, нәтиже беріп жатқан жобалар бар. Нұрғалидың министрлікте атқарған абыройлы жұмысы басшылық тараптан елеп-ескеріліп, ол «Инвестициялар және даму министрлігінің 2017 жылғы ең тиімді қызметкері» атағын алған.

Білім алудан, сол білімін тәжірибеде қолданудан, ізденуден жалықпаған Нұрғали 2019 жылы Сан-Диего (Калифорния штатының оңтүстігінде) қаласында тіл курсына қатысып, 2020-2021 жылдары Сан-Диего университетінде Executive Leadership Coaching бағдарламасы бойынша курстан өтіп, сертификат пен профессордың ұсыным хатын алды. Сонымен қатар OPT бағдарламасы бойынша бір жылдық тағылымдамадан өткен. Мұның барлығы Нұрғалидың бір орында тұралап қалмай, дағдыларын одан әрі жетілдіруге үлкен көмек болған. 

Ол 2021 жылдан бастап күні бүгінге дейін Қазақстан Ұлттық кәсіби инженерлер мен консультанттар қауымдастығында аға ғылыми қызметкер және халықаралық консультант ретінде қызмет атқарып жүр. Қауымдастықта Қазақстанның ғана емес, шетелдің автожол саласын зерттеу және дамыту жұмыстарымен айналысқан. Мысалы, олардың ішінде «Музыкалық шу жолағы» жобасын атап өтуге болады. Осыған қоса Нұрғалидың АҚШ пен Қазақстанның жол саласындағы ғалымдары арасында байланыс орната отырып, 120-дан аса елде қолданылатын АҚШ-тың AASHTO құрылыс стандартын тыңғылықты зерттеп, енгізуге атсалысқаны еліміздің жол саласындағы маңызды қадамының бірі болды.

Нұрғали АҚШ-та жылына екі рет өтетін Lifesavers Conference және International Road Safety Conference сияқты ірі халықаралық конференцияларға жиі қатысып тұрады. Осындай басқосуларда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ауқымды жобаларды үйлестіріп жүрген шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуды дұрыс көреді. Мысалы, биылғы жылдың наурызында Калифорнияның Ньюпорт қаласында халықаралық беделді мамандардың алдында «Жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тәсілдерін зерттеу және оңтайлы әдісті әзірлеу» тақырыбында баяндаманы Қазақстанның атынан баяндама жасау жоспарда. Қазір Нұрғали Оңтүстік Калифорния университетінде магистратурада оқиды. Оқып жүрсе де Қазақстанда іске асып жатқан жобаларға көмектесіп, жол саласына қатысты халықаралық маңызды іс-шаралардан қалмауға тырысады. Қазір «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты» серіктестігімен тығыз байланыс орнатқан. Бір емес, бірнеше ірі жобаға халықаралық маман ретінде қатысқан. Қорыта келе, сол жобалардың тізімін төменде қалдырғанды жөн көрдік:

1. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне өзгерістер енгізу бойынша жобаны үйлестіруге үлес қосқан.

2. 2022-2023 жылдары Еуропа қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен 5 000 шақырым жол желісін стратегиялық бағалауға қатысқан.

3. Қазақстанда IRAP халықаралық жолдарды бағалау бағдарламасына қатысқан. 2020-2021 жылдары 6 200 шақырым жолды бағалауға араласқан. Жобаны Дүниежүзілік банк қаржыландырса, тапсырыс беруші – ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті.

4. Орта Азияда IRAP бағалау жұмыстарына атсалысып келеді. Оның ішінде Өзбекстанның Бұхара қаласындағы А380 автомагистралі бойынша бірінші кезеңнің жобасы бар.