Жетісу өңірінде тау туризмін дамытуға бағытталған «Алатау аманаты» жобасы жалғасын тауып жатыр. Осы жолы Панфилов ауданында «Сарыбел» атты жаңа туристік маршрут ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында және Жетісу облысына сапары барысында туризмнің ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өткен болатын. Президент атап өткендей, туризм – жасыл экономикаға көшу жолындағы негізгі бағыттардың бірі әрі шикізаттық өнімге балама ретінде ұлттық экономиканың өсуіне ықпал ететін сала.
Осы мақсатта «AMANAT» партиясы жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан «Алатау аманаты» жобасы халықтың табиғат аясында белсенді демалысын ұйымдастыруға, экологиялық мәдениетті көтеруге және жаңа туристік бағыттарды дамытуға бағытталған.
Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын бастаған жұмыс тобы Панфилов ауданында ашылған «Сарыбел» жаяу жүргіншілер бағытының тұсауын кесті. Ұзындығы – 12 шақырым. Бұл маршрут табиғатпен етене танысуға мүмкіндік беріп, өңір тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналуы тиіс.
– Біздің мақсатымыз – Жетісудың бай табиғи мұрасын насихаттап қана қоймай, туризмді жаңа деңгейге көтеру. Сарыбел бағыты – осы істің бастауы ғана. Алдағы уақытта жобаның барлық аудан-қалаларды қамтып, халықаралық деңгейге шығатынына сенімдіміз, – деді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.
Айта кетейік, Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен қолға алынған жоба алғаш рет Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Аюсай шатқалынан басталды. «Алатау аманаты» жобасы – Шарын шатқалынан Тамғалы-тас археологиялық кешеніне дейінгі 1200 шақырымдық ұлттық соқпақты қамтиды. Бағыт бойында 20 елді мекен мен 24 туристік инфрақұрылым нысаны орналасқан. Туристер этноауылдарға, глэмпингтер мен кемпингтерге, визит-орталықтарға, құтқару стансаларына, сондай-ақ этномәдени және гастрономиялық туризм орындарына бару мүмкіндігіне ие болады.
«Алатау аманаты» жобасы – тек туризмді ғана емес, ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттырып, ішкі және халықаралық туризмге арналған жаңа экожүйе қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастама.