«Қылқындырып, орманға апарған»: Оралда 10 жастағы қызды зорлаған азғын еркек ұсталды

Оралда 10 жастағы қызды зорлаған күдікті ақыры ұсталды.

Оқушыны қорлаған азғын уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Полицейлер қылмыстық істің қандай бап бойынша қозғалғанын айтқан жоқ. Алдын ала болжам бойынша, азғын мектеп оқушысын алдымен қылқындырып, кейін зорлаған. Оқиға мектептен таяқ тастам жерде болған.

Күдікті қызды орманға сүйреп алып кеткен. Полицейлер оқиға орнын тінтіп, қылмыскердің ізіне түскен. Бір тәуліктен кейін барып, қылмыскер ақыры ұсталды. Болған жағдай тұрғындардың зәресін алды. Олар баласын көшеге жалғыз шығарудан қорқып қалған. Дегенмен бүгін тәртіп сақшылары күдіктінің ұсталғанын жария етті.

— Жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері кәмелетке толмағанға қатысты құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдіктіні ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады. Балаларға қатысты жасалған қылмыстар ерекше бақылауда болатынын және ең қатаң түрде жазаланатынын атап айтқым келеді,-дейді БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев.