«Miras» республикалық кеңесінде еліміздің мәдениет саласының мәселесін қозғады

«AMANAT» партиясы Орталық аппаратында «Miras» республикалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басқосуда елдегі мәдениет пен өнер саласының бүгінгі ахуалы, жоспарланған міндеттердің орындалу барысы және жасанды интеллект дәуірінде мәдениетті дамыту мәселесін талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кеңеске ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жаңадан құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі қатысты. Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімнің орынбасарлары, Мәдениет басқармаларының басшылары да болды. Сондай-ақ, барлық өңірдегі партия филиалдары мен ондағы «Miras» аймақтық кеңесінің мүшелері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жиынды министрлік пен әкімдіктердің жауапкершілігіне назар аудартып, мәселені түбегейлі шешудің жолдарын сұрады.

Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасында көрсетілген мәдениет нысандарын салу мен жөндеу,  аймақтағы мәдениет саласының өзекті мәселелері бойынша қабылданған хаттамаларға берілген жауаптар формалды сипатта қалып отыр.

– Өңірлерде мәдениет саласындағы қордаланған мәселелер өте көп. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Біз Қызылжар өңіріндегі руханият пен мәдениеттің бүгінгі хәл-ахуалын біліп, халықтың үнін тыңдадық. Нәтижесінде 16 тармақтан тұратын хаттамасы әзірленіп, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды. Сол мәселенің көбі әлі шешімін тапқан жоқ. Ал сіздердің берген жауаптарыңызды жауап деп айтуға келмейді. Біз жолдаған хаттамаларға салғырт қарау – кешірілмейтін олқылық. Өйткені оның артында бір ғана мекеменің емес, тұтас халықтың үні, елдің көкейіндегі мұң-мұқтажы жатыр. Мәселені түбегейлі шешудің жолдары қайда? Оны арнайы қарастырып, жүйелі әрекет жасайсыздар ма? Құзырлы министрлік әкімдікке сілтейді, әкімдік дәрменсіздік танытады. Сонда бұл саладағы қордаланған түйткілдер қалай шешілмек? Халық алдындағы уәдеге кім жауап береді? Егер біз бір-бірімізге сілтей берсек, онда барлық бастамамыз қағаз жүзінде ғана қалып, нақты нәтиже болмайды. Мұндайға енді жол беруге болмайды! Бұл - жай салғырттық емес, жауапкершіліктен қашу. Халық алдындағы борышты ешкім шегере алмайды. Қағаздағы жоспар – бос сөз емес, міндет. Әр басшы алдымен халықтың сеніміне жауап беретінін ұмытпасын. Бізге есеп үшін емес, нәтиже үшін жұмыс қажет, – деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.

Оған жауап берген Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Ерлан Дәкенов келешекте осы бағытта жұмыстың атқарылатынын жеткізді. Оның сөзінше, 2021 жылдан бері еліміздің он жеті өңірінде мәдениет саласында 19 нысанның құрылысы жүргізілді. 

«Атап айтқанда, 10 музей, 5 кітапхана, 24 ауылдық клуб, 8 мәдениет үйі, 4 мәдениет орталығы және 2 театр пайдалануға берілді. Жалпы алғанда, 26 жуық мәдениет нысаны ел игілігіне тапсырылды», – деді ол.

Отырыс барысында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов аймақта атқарылған жұмысымен бөлісті. Оның айтуынша, өткен отырыста көтерілген мәселелер әрбір бағыт бойынша жеке-жеке қаралып, тиісті жұмыс атқарылуда. Облыстық деңгейде мәдениет басқармасы бұл міндеттерді жүйелі түрде орындап жатқанын да сөз етті ол.

 – 17 наурызда өткен көшпелі отырыс хаттамасында бізге 14 тармақ жүктелді. Соның аясында Ботай ескеркішін насихаттау мақсатында бірқатар іс-шара өткізілді. 13 тамызда Айыртау ауданында халықаралық ғылыми семинар өтті. Оған Франция, Түркия, Ресей және Қазақстан ғалымдары қатысты. Сонымен қатар, халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен үшінші халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылып, 20-дан астам маман қатысқан болатын. Нәтижесінде облыс орталығы Петропавл қаласына кіреберісте Ботай мәдениетіне арналған жаңа ескерткіш орнатылды,  – деді ол.

Алматы қаласы мәдениет басқармасы өкілі Арман Қалыбек Жол картасындағы 21 нысан бойынша атқарылған жұмысын баяндап берді. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында мемлекет Жол картасын бекіткен. Соған сәйкес, 2027 жылға дейін 759 мәдениет нысанын салу және 1 259 нысанды жөндеу міндеті қойылған. Оның ішінде 220 нысан – жаңа құрылыс, 1 025 нысан – жөндеу жұмысы жүзеге асыруылуы тиіс. 

 –  2021 жылдан бері елімізде жөндеу жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 10 музей, 5 кітапхана, 24 ауылдық клуб, 8 мәдени-демалыс нысаны, 4 тарихи-мәдени орталық, 2 театр, 1 Өнер сарайы, 1 Жазушылар үйі пайдалануға берілді. Алайда аржылық және құқықтық себептерге байланысты кешеуілдеп жатқан жұмыстар бар. Оның бірі - Президент тапсырған тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар жобасы,  – деді ол. 

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан елдегі мәдени нысандардың 60–70 пайызы ескірген, әсіресе шекаралық аймақтарда қираудың алдында тұрғанын айтты. Сондықтан өңірлердің есебі көбіне шынайы емес екенін сөз етті.

«Мирас» кеңесінің отырыстары ай сайын емес, үш-төрт айда бір рет өткізіліп, маңызды мәселелер талқыланады. Мұндай жиындарға уәкілетті орган өкілдері міндетті түрде қатысып, нақты ахуалды баяндауы қажет. Ал бізге ұсынылып отырған есептер шынайы жағдайды толық ашпай отыр. Өңірлерде мәдениет саласында шешілмеген мәселе өте көп. Көптеген мәдениет үйлері 1960–1980 жылдары салынған ғимараттарда орналасқан. Жылу жүйесі, қауіпсіздік талаптары, сахналық жабдықтары ескірген. Бұл халыққа сапалы мәдени қызмет ұсынуға кедергі келтіреді. Кейбір мәдениет үйлері тіпті қараусыз қалған. Екінші үлкен мәселе — кадр тапшылығы. Ауылдық мәдениет үйлерінде кәсіби мәдени менеджерлер жетіспейді, жастардың көпшілігі қалаға кетеді. Бұл шығармашылық үйірмелердің дамуын тежейді. Үшінші түйткіл — қаржыландырудың тұрақсыздығы. Аймақтар арасында бөлінетін қаражат тең емес, ал орталықтандырылған бюджет көбіне музей, кітапхана, театр секілді нысандарға бағытталады», – деді ол.

Сенатор Нұртөре Жүсіп Қызылорда облысындағы «Руханият сарайлары» тәжірибесін оң үлгі ретінде атап өтті. Дегенмен басқа өңірлерде жоспарлау кезінде жүйесіздік орын алып отырғанын да жасырмады. 

Оның айтуынша, мәдени нысандарды салуда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану керек. Артық шығынға жол берілмеуі тиіс. Мысалы, жаңа мектептердің спорт залдарын мәдени іс-шараларға да бейімдеу тиімді шешім болар еді. Оған қоса, ол елдегі тарихи мұраларды қорғаудағы олқылықтарға тоқталып, Тәжікстандағыдай реставратор мамандарын дайындау тәжірибесін әкелу керегін жеткізді. 

"Түркістандағы кесенелерді жөндеудегі қателіктер, Жошы хан кесенесінің айналасында орын алып жатқан күмәнді жобалар, петроглифтердің жойылу қаупі мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс" - деді ол.  

Қазақстан Республикасы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Бекділдәұлы Болдықов қазір түбегейлі өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатқанын тілге тиек етіп, жаңа технологиялардың ескірген дүниелердің қатарына қосылып жатқанын айтты.

 –  Жасанды интеллектті адамзат тіршілігінің маңызды салаларында – денсаулық сақтау, экология, білім беру, көлік және энергетика бағыттарында тиімді қолдану аса маңызды. Бұл салаларда ЖИ технологияларының кеңінен енгізілуі өмір сүру сапасын арттыруға және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекттің тек технологиялық қана емес, сонымен қатар мәдениет, өнер, рухани және шығармашылық салаларда да қоғам игілігі үшін пайдаланылуына ерекше назар аударды.

Ал 2024 жылы Қытай мемлекеттік телеарнасы ЖИ көмегімен жасалған алғашқы анимациялық «Мәңгілік поэзия» атты сериалды ұсынды, сериал генеративті ЖИ модельдері көмегімен жасалған. 26 бөлімнен тұратын сериалда Қытайдың ең әйгілі классикалық поэзия туындылары мен олардың тарихы баяндалады, әр бөлімнің ұзақтығы шамамен 7 минут. Сериал дәстүрлі қытай сурет өнерінің, сиямен салынған көркем шығармалар мен ежелгі сәулет өнерінің негізінде жасалған.

Осы тәжірибені қолдана отырып, ЖИ арқылы Ұлы Абай туралы анимациялық сериал шығару ұсынысым бар. Қазақ мәдениеті мен философиясы, дәстүрі мен тарихы қамтылған Абайдың шығармаларына негізделген анимациялық сериал ЖИ көмегімен әлемнің барлық тілдеріне аударылып бүкіл әлемге көрсетілуі тиіс, бұл жобаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жасанды интеллект және Сыртқы істер министрлігі бірлесіп шығару керек деген ойдамын. Бұл елімізді және мәдениетімізді халықаралық деңгейде танытуға өз үлесін қосады,  –  деді ол.

Кеңестің жаңа мүшесі, «Elorda Aqparat» ЖШС-нің директоры Олжас Сыдық кітапханашылар, архившілер, өнер мамандары ЖИ технологияларын тиімді қолдана білуі тиістігін сөз етіп, сол үшін арнайы оқу курстары мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске қосу қажетігін қозғады.

Оның айтуынша, медиа саласында ЖИ қолдану және авторлық құқықты сақтау. ЖИ-дің мәтін, сурет, бейне және музыка жасау мүмкіндіктері қарқынды дамып келеді. Бұл ретте медиа саласында авторлық құқық мәселесі өзекті. 

 – Егер ЖИ қазақша контентті пайдаланып жаңа өнім шығарса, оның авторлығы кімге тиесілі болмақ? Оны жасаған ЖИ-дің өзіне ме? ЖИ-ді жасап шығарған компанияға ма? Әлде бастапқы деректерді жазған түпнұсқа авторға ма? Немесе пернетақтада саусақ ұшын ғана қимылдатып, қажетті промптты (сұранысты) енгізген адамға ма? Мәселен, егер ЖИ-ге Абайдың барлық өлеңдері жүктеліп, ол сол стильде жаңа бір өлең құрастырса, «бұл жаңа өлеңнің авторы ЖИ ме, әлде бастапқы дереккөз – Абай ма?» деген сұрақ туады. Немесе ЖИ-ге белгілі композиторлардың шығармалары енгізілді делік. ЖИ соның негізінде жаңа әуен жасайды. Бұл әуенді орындағанда, оның түпнұсқалық авторларының құқығы ескеріле ме?

Міне, осы секілді әлі жауабы табылмаған сауалдар көп. Мұны заңдық тұрғыда нақтылау қажет. Авторлық құқық туралы заңға толықтырулар енгізіп, ЖИ туындыларын қолдану тәртібін белгілеу керек. Қазіргі медиакеңістікте жалған ақпарат тез тарайды. Оны әшкерелеуде дәстүрлі әдістер жеткіліксіз. Сондықтан ЖИ негізіндегі фактчекинг құралдарын енгізу қажет. Мысалы, мәтіннің немесе бейненің түпнұсқалығын тексеретін ЖИ алгоритмдерін, жалған фотолар мен видеоларды танитын бағдарламаларды әзірлеу қажет. Бұл қоғамдағы ақпараттық қауіпсіздікті арттырады, – дейді Олжас Сыдық.