Ақтөбеде өзін халық емшісі ретінде таныстырған 51 жастағы Сұлушаш Қазбаеваға қатысты қылмыстық іс сот жарыссөзіне жетті. Іс 39 томнан тұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Прокурордың мәліметінше, сотталушы Қазбаева Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Ол 136 жәбірленушінің сеніміне кіріп, жалпы сомасы 579 миллион теңгеге несие алдыртқан. Жәбірленушілердің көбі — зейнеткерлер, жалғызбасты аналар және мүгедек балаларын емдетуге үміттенген ата-аналар.
Айыптау тарабы сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды, жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұрады.
Жәбірленушілердің сөзіне қарағанда, Қазбаева мешіт, тойхана саламын, жеке клиника ашамын немесе қызын шетелге емдетемін деп уәде беріп, екі айдың ішінде несиені қайтаратынына сендірген. Кейбірі 24 миллион, 17 миллион, 22,9 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеген. Тіпті, жұмыссыз ата-аналар мүгедек балаларын тастап, қарызды өтеу үшін амалсыз жұмысқа шыққандарын айтты.
Сотта сөйлеген жәбірленушілер қарыздарын қайтаруды, ал кейбірі шығынды сотталушының үй мүлкі есебінен өтетуді талап етті.
Өз кезегінде Қазбаева кінәсін мойындамай, барлық несие жәбірленушілердің еркімен алынғанын мәлімдеді. Ол жиналған қаражаттың қайда кеткені туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.
Айта кетейік, атышулы емші 2025 жылдың қаңтарында қамауға алынған. Ол өзін 30 жылдан бері Қазақстанның халық емшісі ретінде таныстырып келген.