Алқалы жиынға Мажарстанның Президенті Тамаш Шуйок та келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мәртебелі мейманды ерекше атап, оның бастамалары цифрлық технология саласындағы халықаралық серіктестікті нығайта түсетінін жеткізді.
– Бүгінде Digital Bridge өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды, бұл жерде жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар көтеріледі. Осы уақыт ішінде форум жұмысына 67 мыңнан астам адам, 500-ден аса ІТ компания және 100 елдің өкілі қатысты. Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы маңызды жұмысты жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалануды, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыруды басты міндет ретінде атады. Жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр.
– Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің дамуына соңғы жылдары дүниежүзі бойынша бір триллион доллардан артық инвестиция салынған. Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта жеті триллион долларға дейін жетуі мүмкін. Әйтсе де, мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкершілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады. Қазір жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе, ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр. Біздің міндетіміз – жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы 30 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын еске салып, жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдеді. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайтынына назар аударды.
– БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Мен биыл халыққа Жолдауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз, – деді Президент.
Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өткенін айтты. Жиында білім беру мәселелері қаралғанын, әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланғанын, нақты міндеттер айқындалғанын жеткізді. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданғанына назар аудартты.
– Сондай-ақ бүгін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады. Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. Alem.ai жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және Alem.ai орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрландыру ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізетінін айтты. Цифрлық мемлекет құру Қазақстанның келешегін айқындайтын стратегиялық таңдау екенін атап өтті. Үш жылдың ішінде цифрлық басқару форматына толық өту міндеті қойылды. Бұл мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді. Осы мақсатта елде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа ведомство цифрландырудың және тұрмыстың барлық саласына жасанды интеллектіні енгізудің басты локомотиві болады.
– Еліміздегі қоғамдық өмір мүлдем өзге сипат алады. Технологиялық тұрғыдан анағұрлым заманауи болады, яғни ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді. Осылайша, біз өркениетке батыл қадам жасаймыз. Мен халқымыздың кейінге қайырылып, өткенмен өмір сүрмей, келешекке сеніммен көз тігуге тиіс екенін бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Маған «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуалды мүшесінің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор, – деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек екенін баса айтты. Осы тұста озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емесін ескертті. Сондықтан жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет.
– Осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалуда. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады. Жалпы, Цифрлық кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақытылы қабылданған заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жайбарақат отыруға болмайтынын, алдымызда ауқымды жұмыс барын алға тартты. Жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады. Алайда жасанды интеллект және цифрландыру мәселенің бәрін бір сәтте шешіп тастамайды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек. Атап айтқанда, осы салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп нормаларын сақтау. Әділ әрі тиімді шешім қабылдай отырып, жылдам және ашық әрекет ету қажет.
– Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұратудың керегі жоқ. Бұдан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына байланысты барлық нормативтік актілер бекітілгенге дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізілуі қажет. Соның нәтижесінде, азаматтар мен кәсіпкерлер бюрократиядан құтылып, олардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығая түседі. Жалпы, айтылған барлық шаралар біздің аймақта жаңашылдық саналады. Бұл еліміздің цифрлық саясатының ұзақмерзімді әрі жүйелі бағытын көрсетеді. Ақылды технологиялар үлкен деректерді өңдеуге, әлеуметтік саладан бастап негізгі экономикалық көрсеткіштерге дейінгі көптеген саланы талдауға қабілетті. Яғни, стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін айтарлықтай жетілдіреді. Сәйкесінше, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және экономикалық өсімді арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар халық несие беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге дейінгі алгоритм жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін білуі әрі түсінуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына жаппай енгізу үшін тиісті заңнаманы да соған сәйкес бейімдеу қажет екенін еске салды. Бұл – еліміздің цифрлық және зияткерлік дербестігін қорғайтын нақты тетіктер болу керек деген сөз. Түптеп келгенде, цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс. Бұдан соң Мемлекет басшысы форум атауын AI Bridge деп өзгертуді ұсынды.
– Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық – келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты. Жасанды интеллект – қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, жаһандық өркениеттің келбетін өзгертетін басты күш ретінде жасанды интеллект бүгінде адамзат өмірінің мәнін қайта саралауға мәжбүрлеп отыр. Сондықтан инженерлер мен басқа да кәсіп иелерін, сондай-ақ осы технологияның мәні мен даму беталысын пайымдай алатын гуманитарлық сала мамандарының жаңа буынын тәрбиелеп шығару керек.
– Жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс. Сондықтан оны дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлердің атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі осы, – деп баса айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылатынын жеткізді.
– Біз мына маңызды мәселені де назарда ұстауымыз керек: жасанды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Жасанды интеллект талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды. Кім біледі, бәлкім, он-жиырма жылдан кейін мұндай ахуалдың өзі түбегейлі өзгеруі мүмкін, бірақ қазір Жасанды интеллектінің «жаны» әзірше жоқ. Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек. Осы мәселе бойынша көптеген тұжырым пайда болуда, тіпті, қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл істе философия, мәдениет және білім айрықша рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады, – деді.