Аталған өзгерістер негізінде 1 қыркүйектен бастап жасалған әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін жазаның жаңа түрі – қоғамдық жұмысқа тарту енгізілді. Осыған орай Қонаев қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаңа ереженің атқарылуын үйлестіру жұмысы бойынша жиналыс өтті.
Құқық қорғау органдарының өкілдері мен жергілікті әкімдік қызметкерлері қатысқан жиналыста сот төрағасы Әлинасыр Қадыров ұсақ бұзақылық пен вандализмге қатысты істерде де әкімшілік жазалар қатаңдатылғанын атап өтті.
– Қоғамдық жұмыстарға Әкімшілік кодекстің нақты қай бабын бұзғандар тартылатынына тоқталсақ, біріншісі – 73-бап. Яғни, отбасының мазасын алып, зайыбының ар-намысын таптағандар. Кемі 20 сағат көшені қоқыстан тазартуға міндеттеледі. Егер бұзақылық есепті жыл ішінде қайталанса, жаза еселенеді. Одан кейін 434-бап – ұсақ бұзақылық. Бұл бап бойынша көпшілік көп жиналатын жерлерде былапыт сөздер айтып, айналасындағы адамдарға тиiсіп, балағаттағандар 20-60 сағат көлеміндегі қоғамдық жұмысқа жегіледі. Қайталанса, 100 сағатқа дейін ұлғаюы мүмкін. Ал қоғамдық орында қоқыс тастаса, жаза 40-80 сағат аралығында болады. Бұл – кодекстің 434-бабының 2-бөлігі. Сондай-ақ 440-бап. Демек, алкоголь iшіп не қоғамдық орындарға масаң күйде келсе, 20 сағаттық жұмыс күтіп тұр, – деді сот төрағасы Әлинасыр Қадыров.
Жиналыста қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті сақтауға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың тыныштығын қорғауға бағытталған маңызды тетіктерді үйлестіру қажет екені баса айтылды. Жиын қорытындысы бойынша түйткілді мәселелер талқыланып, ұсыныстар берілді. Құқықбұзушылықтың алдын алу, сот жүктемесін азайту мақсатында зерделеу жұмыстары жоспарланды.
Айта кету керек, заң жобасы аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 11-бабының санкциялары әкімшілік жазаның баламалы түрімен толықтырылды. Қоғамдық жұмыстарға тартылатындар: «Отбасылық және тұрмыстық қатынастар саласында заңға қайшы әрекеттер» (мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық), «Ұсақ бұзақылық», Қоғамдық пайдалану орындарын (көшелер, саябақтар және т.б.) ластау, «Арнайы қызметтерді жалған шақыру», «Қоғамдық орындарда алкоголь ішіп, мас күйінде болу», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін тұлғаның заңды талабына бағынбау», Қоғамдық орындарда ыңғайсыздық тудыратын әрекеттер жасау, қорлау, тиісу», «Арнайы қызмет көліктеріне (мысалы, жедел жәрдем, полиция) жол беру міндетін орындамау», «Жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жол ережелерін бұзу», «Сотты құрметтемеу», «Соттың үкімі, шешімі немесе басқа сот актісі мен орындаушы құжатты орындамау».
Мысалы, бұрын жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығарғаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-2-бабы) Жеке тұлғаларға тек 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Заң жобасы аясында қазіргі айыппұлға балама ретінде 40 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту ұсынылған. Ал заң жобасы бойынша қоғамдық жұмыстарды қолдану құқығы соттарға берілген. Әкімшілік айыппұлды жеке тұлғаға тағайындау кезінде судьялар құқық бұзудың сипатын, кінәлі адамның жеке басын, оның 40 бұзғанға дейінгі және кейінгі мінез-құлқын, мүліктік жағдайын, сондай-ақ жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын жағдайларды ескереді.
Айта кету керек, қоғамдық жұмыстарды жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейінгі балалары бар жалғызбасты ерлерге, 58 жастан асқан әйелдерге, 63 жастан асқан еркектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге және әскери қызметкерлерге тағайындауға болмайды.
Кербез ЕСІМ