Алматы облысындағы Мәтібұлақ әскери бөлімшесінде қаза тапқан егіздің сыңарына қатысты Қорғаныс министрлігі тың ақпарат таратты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
"Қылмыстық іс ашылып, тергеу жүргізіліп жатқандықтан, біраз ақпаратты ашып айта алмаймыз. Дегенмен егіздердің әпкесі Еңлік Қалтаева әлеуметтік желіде таратқан кейбір мәлімет шындыққа жанаспайды", - деп отыр Қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаев.
Оның айтуынша, әскерге бір отбасының қос баласы бір уақытта емес, әртүрлі кезеңде аттанған. Сәйкесінше, бір әскери бөлімшеге түспеген. Осыдан екі апта бұрын Алматы облысында әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммед Шынарбектің мәйіті табылған еді.
Дінмұхаммед егіздің сыңары, оның Даниял есімді бауыры да әскерде борышын өтеуде. Марқұм өзіне қол салған деген болжам бар. Алайда оның анасы әскерилердің бұл сөзіне мүлдем сенбейді. Қорғаныс министрлігі әскерде ұрып-соғу фактісі болуы мүмкін емес дейді.
— Шынын айтайын, қорлап-зорлап жатқан жоқ. Жігіттер, өздерің де көріп отырсыңдар. Қазір әрбір казарманың ішінде бір-бір полицей отырғызып қойдық. Профилактика кабинеті деген бар. Күні-түні ішінде бір-бір полицей отырады. Сіздер қалай ойлайсыздар, ананың көзінше қорлық-зорлық жасай ала ма? -дейді ҚР Қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаев.