"Бас тартуға кеңес бердім": Самат Смақов Шерхан Қалмұрзаға ақылын айтты

Самат Смақовтың айтуынша, талантты ойыншыға тұрақтылық пен сабыр керек.

«Қайраттың» жас қақпашысы Шерхан Қалмұрзаға «Жетісу» клубының бас бапкері Самат Смақов ағалық ақылын айтты, – деп жазады Аikyn.kz. Бұл туралы оның Instagram-дағы парақшасында жариялады. 

Ол жас қақпашыға журналистер мен телебағдарламалардан уақытша бойын аулақ ұстауға кеңес берді.

– Аға буынның өкілі ретінде оған айтарым, Шерханға БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатпа! Түрлі бағдарламалар мен сұхбаттардан бас тартуға кеңес бердім. Ол әлі жас, алдымен өзін толық қалыптастыруы керек, –  деді Самат Смақов.

Бапкер мысал ретінде белгілі футболшы Еркебұлан Сейдахметтің жағдайын айтып, оның Уфаға» ауысқан кезде барлық назар сонда болғанын тілге тиек етті.

– Оның әрбір әрекеті, тіпті тұрмыстық ұсақ-түйегі де жаңалыққа айналды. Соның салдарынан жас ойыншының дамуына кедергі келтірді. Сондықтан Шерханның асықпай, тыныш еңбектенгенін қалаймын, –  деді ол.