Индустриялық серпіліс: Атырауда ірі өндіріс ошақтары іске қосылуда

Атырау облысы еліміздің өңдеуші өнеркәсіп пен мұнай-газ химиясы саласындағы стратегиялық орталығына айналып келеді.

Соңғы жылдары өңірде бір мезетте бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың қатарында – «Атырау» индустриялық паркі мен жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы бар. Бұл жобалар Қазақстан экономикасының әртараптандырылуына, экологиялық өндірістің дамуына және экспорттық әлеуеттің артуына тікелей әсер етпек.

«Атырау» индустриялық паркі: қалдықтан – дайын өнімге дейін

Аталған индустриялық парк қайта өңдеу, материал өндіру және дайын өнім шығару бағыттарын біріктіретін бірегей платформа болмақ. Бүгінде жоба аясында алты өндірістік кәсіпорын қолға алынған. Олардың екеуі 2025 жылы іске қосылды, қалған төртеуі 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Биыл қыркүйек айында іске қосылған «Фибратекс» зауыты ПЭТ-флекс пен штапельді талшық өндіруде. Бұған дейін мамырда жұмысын бастаған «Талшыктекс» цехы полипропиленнен тоқылған геома­териалдарды шығарып жатыр.

Келесі жылы іске қосылатын кәсіп­орындар қатарында

«Геофлекс» – полиэфирлі геосинтетика өндірісі;

«АКЗ» – гофрокартон өнімдерін шығару өндірісі;

- «ЗапКазПродукт» – ПЭТ-степленталар өндірісі;

- «Аквалид Казахстан» – су тазарту құрылғыларын құрастыру өндірістері бар.

Жалпы, инвестиция көлемі – 4,6 млрд теңгеден асады, нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 

Тиімділік  кепілі

Парктің басты ерекшелігі – тұйық технологиялық цикл. Мұнда бір зауыттың өнімі екіншісі үшін шикізат ретінде пай­даланылады. Мысалы, «ИнтаПласт» зауы­ты екінші рет қолданылатын шикізаттан по­лиэтилен грануласын шығарады. Ал «Фи­братекс» бұл шикізатты ПЭТ-флекс пен штапельді талшыққа айналдырады.

«Біз KPI компаниясынан өтпей қалған тауарларды алып, арнайы технологиямен қайта өңдейміз. Бұл дайын гранулаға қарағанда анағұрлым арзанға түседі. Мақсатымыз – толықтай отандық шикізатқа көшу», дейді «Интаго» компаниялар тобының басшысы Азамат Асылбеков. 

Экспортқа жол ашық

Индустриялық парк өнімдері ішкі нарықта ғана емес, шетелдерде де жоғары сұранысқа ие. Мәселен, «Талшыктекс» компаниясы өндірген геоматериалдың 90 пайызы Ресейге экспортталады. Ай сайын 400-500 мың шаршы метр өнім өндіріледі. Кәсіпорын алдағы уақытта екінші цех ашып, биг-бэгтер мен вагон қаптамаларын шығару арқылы өнім ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.

Жоба аясында экологиялық тазалыққа баса мән берілуде. Соңғы айларда 60 тонна ПЭТ-бөтелке және сонша пластмасса қалдықтары жиналды. Жақын арада облыс аудандарынан макулатура жинау да басталмақ. Екінші және алғашқы шикізатты араластыра отырып, жоғары сапалы өнім өндіру мүмкіндігі артуда.

Полиэтилен зауыты: Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ химия жобасы

Атырау облысында салынып жатқан полиэтилен зауыты – еліміздің индустриялық әлеуетін арттыратын флагман жоба. Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Sinopec Overseas Investment Holding және «СИБУР Холдинг» ПАО бірлесе жүзеге асыруда. Жаңа зауыттың қуаттылығы – жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге жетеді.

Қазіргі таңда 15 038 қазықтың 9 663-і (64%) қағылып, 2 486 м³ бетон құйылған (жоспар – 5 000 м³). Қазан айында инженерлік желілер тартылып, қарашада темірбетон конструкцияларын орнату жұмыстары басталады. 2026 жылдың көктемінде ұзақ өндіріс циклімен жасалатын жабдықтар жеткізілмек.

Жаңа жобалар – жаңа экономикалық даму

Атырауда жүзеге асып жатқан бұл жобалар өңірлік және ұлттық экономиканың драйверіне айналмақ. Жобалар іске қосылған жағдайда Атырау экономикасында импорт көлемі азайып, экспорттық бағыт күшейеді деп күтілуде. Сондай-ақ жергілікті шикізат пен еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға, экологиялық өндірісті дамытуға жол ашылады. 

Атырау – өндіріс пен тұрақты дамудың үлгісі ретінде елімізге ғана емес, бүкіл Орталық Азияға үлгі боларлық бағытта дамып келеді.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы