Заңды бұзған құрылыс компаниялары лицензиясынан айырылады – министр

Министрлік лицензиаттардың бірыңғай электронды тізілімін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жүйе мемлекеттік ақпараттық базалармен интеграцияланып, барлық рұқсат құжаттарының заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді.

Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралған Құрылыс кодексінің жобасы аясында саладағы сапа мен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жаңа тетіктер ұсынылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, құрылыс нарығындағы қатысушылардың біліктілігі мен жауапкершілігін күшейту басты міндеттердің бірі болып отыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгінде елімізде шамамен 80 мыңға жуық құрылыс лицензиясы тіркелген. Оның ішінде:

  • 58,5 мыңнан астамы – құрылыс-монтаж жұмыстарына;
  • 16,5 мыңы – жобалау қызметіне;
  • 5 мыңнан астамы – құрылыс алдындағы зерттеу жұмыстарына берілген.

Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіш құрылыс нарығының ауқымын көрсеткенімен, талдау нәтижесінде көптеген компаниялар мен лицензиялар тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталған. Мұндай ұйымдардың өндірістік базасы да, білікті инженерлері де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ.

«Бұл жағдай саладағы сапа мен қауіпсіздікті төмендетіп қана қоймай, мемлекеттік тапсырыстарға жалған компаниялардың қатысуына жол ашып отыр. Сондай-ақ еңбек нарығының нақты көрінісін бұрмалап, адал бәсекелестікке нұқсан келтіруде», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Осы мәселені шешу үшін министрлік лицензиаттардың бірыңғай электронды  тізілімін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жүйе мемлекеттік ақпараттық базалармен интеграцияланып, барлық рұқсат құжаттарының заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Нәтижесінде, талапқа сай келмейтін компаниялар тізілімнен автоматты түрде шығарылады.

«Жаңа жүйе адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді», – деді министр.

Сонымен қатар инженерлер мен сарапшыларды аттестаттау тәртібі де жаңартылмақ. Министрдің сөзінше, қазіргі жүйе мамандардың нақты біліктілігін толық көрсете алмай отырғандықтан, халықаралық тәжірибеге, соның ішінде Еуроодақтың озық үлгісіне сүйене отырып, сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл рәсім мемлекеттің емес, тәуелсіз ұйымдар тарапынан жүзеге асырылады.

 Бұдан бөлек, тәртіпті күшейту үшін ереже бұзған компанияларға қатысты ортақ жауапкершілік енгізіледі. Егер ірі заң бұзу факті анықталса, мұндай компанияларға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салу көзделіп отыр,  деп нақтылады Нағаспаев.