Алматыда 30 сарбаз әскерге кетті

Алматыда 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта жігіттерді әскерге салтанатты түрде шығарып салды.

Іс-шараға аты аңызға айналған генерал Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамованың қатысуы маңызды болды.

Жастарды қолдау үшін Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары, Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, Қарулы Күштердің ардагерлері, сарбаздардың туған-туыстары келді.

– Әскердегі қызметі жігітті шыңдайды, төзімділік пен тәртіпке үйретеді. Әскерде сендер көп нәрсені үйреніп, жауынгер жолдастың бағасын білетін боласыңдар. Армиядан тапқан достарың ең адал әрі сенімді болатынын ұмытпаңдар, – деп атап өтті Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Жақсылық Айтбаев.

Іс-шараға салтанатты түрде Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы филиалы  әскери оркестрінің орындауындағы марштар орындалды. Алматылық десанттық-шабуылдау бригадасының жауынгерлері шараға қатысып, қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсетті.

Осы күзде 1 500-ге жуық алматылық мерзімді әскери қызмет атқаруға аттанатынын айта кету керек. Олар Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерінде борышын өтейтін болады.