Алматыда жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде 16 жастағы жасөспірімді қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Inbisness-ке сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы кеше кешкі сағат 17:20 шамасында Алматының Әуезов ауданында болған.
«Жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісі Жандосов көшесімен шығыс бағытта келе жатып, Береговой көшесімен қиылыста жаяу жүргіншілер өткелінен оңтүстік бағытта өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол апатының салдарынан 2009 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірім балалар ауруханасына жеткізілді», – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Зардап шеккен жасөспірім №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қазір жасөспірім нейрохирургия бөлімшесінде бақылауда.
– Нейрохирургтің тексеруінен және зерттеулерден кейін "жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, бастың, беттің және сол жақ тізе буынының жұмсақ тіндерінің көгеруі" диагнозы қойылды. Науқастың жағдайы орташа ауыр, – делінген басқарманың хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайын Әуезов аудандық полиция қызметкерлері анықтап жатыр.