Атырау прокуратурасы блогер Құралай Болатованың ісіне қатысты тың мәлімдеме жасады

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруде іс Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жүргізіледі.

Атырауда блогерді ұрып-соғу туралы күдіктілердің бірі ұсталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz

Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға қатысы бар қыздардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Екіншісі алдын ала мәлімет бойынша, қала сыртына қашып кеткен. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруде іс Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, 125-бап "адам ұрлау" және 108-бап "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру".

Бұған дейін блогер Құралай Болатова өзін таныстары алдап, қала сыртындағы зиратқа апарып соққыға жыққанын мәлімдеген. Оның айтуынша, даудың басы 100 мың теңге көлеміндегі алдын ала төлем жасап, Ыстамбұл  турын жарнамалаудан басталған.

Оқиғадан кейін жәбірленуші полицияға жүгініп, тергеу барысы Департамент басшылығының бақылауына алынған. Соның арасында күдіктілердің бірі прокуратура қызметкерінің туысы деген ақпарат та тарады. Алайда мекеменің хабарлауынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Қылмыстық іске қатысы бар ешбір адамның прокуратура қызметкерлерімен туыстық байланысы жоқ», – делінген хабарламада.

Осыған байланысты прокуратура азаматтарды тергеу жүріп жатқан кезде теріс түсінік қалыптастыруы мүмкін жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.