"Пәтер, көлік әперемін": ШҚО-да алаяқ тұрғындарды 41 миллион теңгеге алдап түсірген

Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бірнеше азаматты алдап, ірі көлемде ақша иемденген күдіктіні қолға түсірді, - деп хабарлайды Аikyn.kz

Өскемен тұрғыны полицияға арызданып, танысының "бірлескен бизнес ашамыз" деген желеумен 1 миллион теңгеден астам қаражатын алып, уәдесінде тұрмағанын мәлімдеген.

Тексеру барысында ер адамның алдын ала ойластырылған алаяқтық схемамен әрекет етіп, елді алдағаны анықталған. Ол таныстарына көп табыс әкелетін жобаға ақша салуды ұсынған. Кейбіріне арзан көлік әперемін, ал басқаларына қарызды пайызымен қайтарамын немесе пәтер әперемін деп сендірген.

Осылайша, күдікті бірнеше жәбірленушіден 41 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Аталған деректер бойынша? сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар полицейлер күдіктінің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.