Бүгін Мәжіліс екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. Депутат Ерлан Стамбеков заң жобасы авторлық құқықты басқарудың ашық әрі әділ жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтің айтуынша, қабылданған өзгерістердің ең маңызды бөлігі – Бірыңғай Цифрлық Платформаның құрылуы. Бұл жүйе авторлық құқық объектілерін пайдаланудың толық ашықтығын қамтамасыз етеді. Авторлар, құқық иеленушілер, пайдаланушылар мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынастар енді нақты тәртіпке бағынатын болады. Бұл бастама Мәжіліс депутаттарының тікелей ұсынысымен қолға алынып отыр.
Сонымен қатар, авторлық гонорарды бөлуге қатысты бұрыннан келе жатқан түсініспеушіліктерге де нүкте қойылды. Енді авторлық қоғамдар мен авторлар арасындағы табыс үлесі 20/80 (авторлық қоғамдарға 20%, авторларға 80%) болып бекітілді (бұрын 30/70 болған).
– Бұл оңай болған жоқ. Қарсылық білдірген тараптар да болды. Ескі жүйені сақтап қалғысы келгендер де табылды. Бірақ біз әділдікті таңдап, авторлардың мүддесін қорғауға бел будық, – дейді депутат Ерлан Стамбеков.
Қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатқан тағы бір маңызды құжат – «Креативті индустриялар туралы» заң жобасы. Ол да елімізде зияткерлік меншіктің дамуына серпін бермек.
– Авторлық құқық – креативті индустрияның іргетасы, ал бұл индустриялар өз кезегінде ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Алда атқарылар жұмыс көп. Әділет министрлігі мен Зияткерлік меншік ұлттық институтының алдында Бірыңғай цифрлық платформаны толық іске қосу міндеті тұр. Барша авторларды, пайдаланушыларды және мүдделі тараптарды бұл процеске белсенді қатысуға шақырамын, – деді Ерлан Стамбеков.