Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданы – жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда депутаттардың белсенділігі, әсіресе ауылдағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешудегі ықпалы зор. Солардың бірі – “AMANAT” партиясының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаев. Депутат жақында аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, сайлаушылармен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
VIII шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаты Қазата, Шақпақ ауылдық округтеріне барып, тұрғындармен жүздесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Жергілікті жұртшылық депутат еңбегін жоғары бағалап, ауыл үшін атқарған игілікті ісіне ризашылығын білдірді.
Бүгінде Ерғали Аманбаев жарық, жылу, жол және өзге де әлеуметтік нысандарға қаржы бөлінуіне атсалысып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға үлес қосып келеді.
Ағыбет ауылдық округінде 4 елді мекен орналасқан, жалпы халық саны – 2 421 адам. Мұнда жаңадан салынған білім нысандары, жаңа жол және жақында пайдалануға берілген медициналық ғимарат тұрғындардың игілігіне қызмет етуде. Жергілікті халық денсаулық саласына жасалған қолдау үшін депутатқа алғыс айтты.
– Бұрын сырқаттанған жағдайда аудан орталығына жүгіретін едік. Енді ауылдың өзінде сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік бар. Бұл – үлкен жеңілдік, – деді ауыл тұрғыны.
Кездесу барысында Боралдай ауылының тұрғындары электр жарығы мәселесін көтерді. Халық қалаулысы бұл мәселені назарға алып, шешімін табу жолдарын қарастыруға уәде берді.
– Депутат – тек мінберде сөз сөйлейтін адам емес, халық пен билік арасындағы алтын көпір. Әрбір мәселе өз шешімін табуы үшін біз үнемі елмен бірге болуымыз керек, – деді депутат Ерғали Аманбаев.