Нұротандықтар карантинге жабылған Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр. Nur Otan және Jas Otan еріктілерінен жасақталған ықшам топтар карантин жарияланған елордадағы және Алматы қаласындағы жалғыз басты қарттарға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте қажетті тауарларды, оның ішінде медициналық маскалар мен антисептикалық құралдарды байланыссыз тарату жолымен үлестіруде. Еске сала кетейік, бұған дейін Алматылық партияластар мен еріктілер коммуналдық сала қызметкерлеріне арнап көп рет қолдануға арналған бетперделер тіккенін хабарлаған болатынбыз.