"Екпе жүргізіліп жатыр": Астанада қандай инфекция таралып жатқаны айтылды

Өткен жылмен салыстырғанда елордада тұмауратқан жандардың 14 пайызға көбейгенін көрсетеді.

Астана қаласы  Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова бүгін өткен мәслихат отырысында Астанада қандай инфекция таралып жүргені жайлы айтып берді,  деп хабарлайды Аikyn.kz.

"Қалада қарапайым маусымдық вирустық инфекция таралып жүр. Аурушаңдықтың шарықтау шегі әзірге тіркелген жоқ", – деді Әлия Рүстемова.

Сондай-ақ ол қаладағы емханаларда тұмауға қарсы вакцина егу басталғанын жеткізді.

"Қазір барлық емханаларда "Гриппол" вакцинасымен екпе жүргізіліп жатыр. Біз егуді бастадық. Сіздер де екпе алыңыздар", – деді ол.

Бұған дейін Ақмола облысында инфекциялық аурулар санының азайғаны хабарланған еді. Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылдың өзінде елордада тұмауға шалдыққан 260,6 мың жағдай анықталды. Өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көбейгенін көрсетеді. Оның басым көпшілігі  балалар.