Әлеуметтік желіде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев спортқа, соның ішінде футболға көңіл бөлмейді деген ақпарат тарағаннан кейін Олимпиада чемпионы Елдос Сметов бұл пікірлердің шындыққа жанаспайтынын айтты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Олимпиада чемпионы бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Париж Олимпиадасынан оралғаннан кейін Жамбыл облысының әкімі оған құрмет көрсетіп, Тараз қаласында үлкен мереке ұйымдастырған.
– Бұл тек менің қуанышым емес, тарихи медальді Отанға алып келген соң – тұтас халықтың қуанышы. Олимпиадаға барар жолда көрсетілген қолдаудың арқасында Парижден алтынмен оралғанымды ешқашан жасырған емеспін.
Қазіргі таңда елімізде футбол тақырыбы өте қызу талқылануда. Өз кезегінде облысымыздың клубы «Таразды» облыс әкімі қолдамайды деген ақпарат та шықты. Біздің облысымыз талантты спортшыларға бай. Әр спорт түрінен өзіндік мектебі қалыптасқан. Футбол клубына да әкім тиісінше көңіл бөліп отыр деп ойлаймын. Әкім тек спортты дамытумен емес, әлеуметтік саланы, облысымыздағы шаруашылық пен экономика салалары бойынша біз білмейтін маңызды жұмыстарды атқарып отыр деп сеніммен айта аламын.
Жамбыл облысының тұрғыны және спортшы ретінде Әкім мырзаны осы ақпараттық толқында ашық қолдауды жөн көрдім, – деп жазды ол.
Алайда Сметовтің жазбасынан кейін желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды. Тіпті, кейбірі бұл жазбаны «тапсырыспен жазылған» деп сынап тастады.
«Елдос, сен – халықтың чемпионысың, жеке бір адамның емес. Соны ұмытпа. Сосын мұндай заказной пост жазба», «Әрине, заказной пост.. Бірақ ұят екен.. Табан астынан әкімді қолдаушы болғаны.. ҰЯТ..», – деп жазды желі қолданушылары.