Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты газ одағының арқасында өңірде жаңа энергетикалық жүйе қалыптасып келеді. Бұл халық пен өнеркәсіпті көгілдір отынмен сенімді түрде қамтамасыз етеді. Каспий құбыры консорциумының маңызына арнайы тоқталсам деймін. Былтыр осы желі арқылы шамамен 63 миллион тоннаға жуық отандық мұнай тасымалданды. Аталған проблеманы терең түсініп, нақты шаралар қабылдаған құрметті Владимир Владимирович, Сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар шығыс тармағының да өзектілігі артып келе жатқанын байқаймыз. Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Біз арқылы жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай жеткізіледі. Дегенмен өткен жылы тасымалданған мұнай көлемі бұл көрсеткіштен асып түсті. Транзит қарқынының өсуіне қарасақ, оның көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Бірнеше күн бұрын Санкт-Петербор қаласында Қазақстан мен Ресей арасында газ саласындағы ынтымақтастық жөнінде маңызды құжатқа қол қойылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соңғы жылдары Ресеймен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық серпін алғанын айтты. Осы орайда «Росатом» компаниясының қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді.
– Атом өнеркәсібіндегі ықпалдастық бірқатар жанама саланың дамуына берік негіз бола алады. Мұның біз үшін маңызы зор. Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынамыз. Заманауи ғылыми-зерттеу базасы мен білікті кадр даярлау жүйесін нығайту – өзекті мәселе. Бұл бағытта алғашқы маңызды қадам жасалды. Алматыда МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы ашылды. Аталған жұмысқа екі елдің ғылыми-зерттеу институттарын тартып, оны одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Жақында Ғылым жөніндегі кеңестің отырысын өткіздім. Ықпалдастық орнату үшін әлеуеттің бар екені анықталды әрі оны пайдалануға болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаны іске асырудың маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация жүргізу өзекті міндетке айналғанына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан бұл салада кешенді жұмыс жүргізіп жатқанына мән берді.
– Жақында ғана Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Ол әлемдік компаниялармен, соның ішінде ресейлік кәсіпорындармен серіктестік орната отырып, отандық әзірлемелердің біртұтас экожүйесін құруды көздейді. Сонымен қатар ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Екінші суперкомпьютердің жұмысын жолға қою міндеті жүктелді. 400 мыңнан астам студентті қамтитын арнаулы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін ашу жұмыстары басталып кетті. Біз тәжірибе алмасуға, өзара тағылымдамалар өткізуге, зерттеу жобаларына және басқа да бірлескен бастамаларға қатысуға дайынбыз. Ғылыми және өндірістік инновация бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Ресеймен ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастық орнатуға ерекше қызығушылық танытамыз. Сондай-ақ мұны екіжақты ықпалдастықтың басым бағыты ретінде қарастырамыз,– деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, аймақ елдері бұрын-соңды болмаған экологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Оны еңсеру үшін үкіметтер мен салалық ведомстволар басшылары деңгейінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
– Осыған орай Экология мәселелері жөніндегі Ресей және Орталық Азия елдерінің министрлер кеңесін бекітуді ұсынамыз. Трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің жағдайына баса назар аудару керек. Бұл күрделі мәселені шешуге Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру ықпал етеді. Су қауіпсіздігінің қазіргі жағдайы да алаңдатпай тұрмайды. Су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін бақылау, сондай-ақ төтенше жағдайларды болжау үшін жасанды жер серіктерін пайдалана отырып ғарыштық мониторинг бойынша бірлескен бағдарлама жасақтауды және іске асыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.