Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды «AMANAT» партиясында азаматтарды жеке қабылдады

Кездесуде қала тұрғындары абаттандыру, көлік инфрақұрылымы, қоғамдық қауіпсіздік, сумен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және аға буынды қолдау мәселелерін көтерді.

Қала әкімі мұндай қабылдаулардың тұрғындарды тікелей тыңдап, олардың өтініштеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті: «Азаматтар көтеріп отырған мәселелер – әрбір алматылықтың өмір сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты. Барлық өтініштер бақылауға алынды, әрқайсысы бойынша нақты шешім қабылданады», – деді Дархан Сатыбалды.

Қабылдау қорытындысы бойынша, нақты шаралар қабылданып, тиісті тапсырмалар берілді.

Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында қосымша жол белгілері мен бейнебақылау камералары орнатылады. Сондай-ақ тұрғын үй кешенінің құрылысының заңдылығына тексеру жүргізу жоспарланған. Электрмен жабдықтау мәселелерін зерделеу үшін мамандар жергілікті жерде тексеріс жасайды.

Қала басшылығы мен депутаттардың «AMANAT» партиясының алаңында азаматтарды қабылдауы тұрғындар мен атқарушы органдар арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етуге бағытталған.