"Жұмысқа орналастырып, тұрғын үймен қамтиды": Енді ауылға көшетіндерге 6,6 миллион теңгеге дейін берілмек

Ерікті қоныс аударса оларды жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы жәрдемдесу шаралары қабылданбақ.

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың сауалына берген жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов ауылға көшкісі келетін азаматтарды билік қалай ынталандыратынын айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz. Kursiv-ке сілтеме жасай отырып.

Олжас Бектенов Үкімет жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтардың ерікті қоныс аударуын қамтамасыз ету үшін жұмыс орындарын құру, қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы ерікті қоныс аударуға жәрдемдесу шаралары бойынша жол картасын әзірлегенін хабарлаған.

«Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мақсатында қатысушылар тобын ұлғайту, бір облыс шегінде (қаладан ауылға) қоныс аудару тетігін қайта қарау, бейімдеу қызметтерін көрсетуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту, сондай-ақ экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшерін 1 160-тан 1 625 АЕК-ке дейін арттыру жоспарлануда (6,6 млн теңге). Осыған сәйкес 2030 жылға дейінгі көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасы әзірленіп жатыр (Тұжырымда мемлекеттік органдарға келісуге жіберілген). Оның шеңберінде жаңа тәсілдер: «алдымен инфрақұрылым – кейін қоныс аудару» қағидаты, қосымша ынталандыру шаралары және бейімделу мен интеграциялық қызметтер жүйесін жетілдіру енгізілуде», – делінген жауапта.

Cонымен қатар ауылдық аумақтардың дамуына әсерін тигізетін негізгі факторлардың бірі – осы аумақтарда тұратын халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы. Осы орайда Үкімет мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ инвестициялық жобалардың кешенді мониторингі жүйесін енгізу шеңберінде «Инновациялық жобалардың навигаторы» цифрлық платформасын, яғни еңбек нарығын талдау және инвестициялық жобаларды басқару құралын енгізген.